Ержан Сабырбай смартфон ұстап, көгілдір экранға телміргеннен гөрі уақытты игі іске жұмсауға асығатын жастың қатарында.Бұған дейін ол бірнеше адамға қуаныш сыйлап, ертеңге деген үмітін оятты. Өзі таңдаған еріктілік қызметтің арқасында. Бұған қоса Ержан жақында волонтерлер арасында жарияланған республикалық байқауда топ жарды. Жүздеген жастың ішінен суырылып шыққан ерікті Дубай қаласына тегін жолдамаға ие болды.
Бүгінде Арал аудандық «Amanat» партиясы филиалы жанындағы Жастар қанатына жетекшілік ететін Ержан күнделікті волонтерлік қызметін #BizBirgemizKZUAE хэштегі арқылы әлеуметтік желіде жариялап отырған. Сәттілігін сынаған үміткердің әп сәтте бағы жанғаны бізді де қуантты. Енді ол екінің біріне бұйыра бермейтін «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесін аралап, бағдарлама бойынша мәдени-тынығу шараларына қатысады.
Бұл – еңбектің жемісі. Себебі абзал істерімен әлемді нұрландырып жүрген жас пандемия өршіген тұста алдыңғы шептен көрінді, қыс қамын жасаған ауылдағы ағайынның көңілін бірлеуге де үлес қосып, «Жастардан жәрдем» акциясында белсенділік танытты. Арамызда волонтерлік қызметке кейде анау айтқандай мойын бұрып қарамайтындар кездеседі. Бірақ Ержан секілді жастар волонтер болу құрметті қызмет, ар-намыс кодексін қатаң ұстанатын өмір салты дер есептейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!