Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыруды, адамның өзінің баруын қажетсінбейтін қызметтерді толық электрондық форматқа көшіруді үнемі міндеттеп келеді.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету «электрондық үкіметтің» веб-порталы (www.egov.kz) арқылы жүзеге асырылады.

Электронды үкімет – мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген, сондай-ақ, электрондық нысанда қызметтер көрсетуге арналған өздерінің арасындағы және жеке және заңды тұлғалармен ақпараттық өзара іс-қимыл жүйесі. Яғни, мемлекеттік қызметтерді алуда барынша автоматтандырылып, оңтайландырылған, қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатында қызмет ететін электрондық жүйе.

«Электронды үкімет» веб-порталына тіркеліп, электронды қызметті алу үшін – әрбір азаматқа электрондық цифрлық қолтаңба қажет. «Электрондық цифрлық қолтаңба» дегеніміз — электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы. Жалпы, қарапайым тілмен айтқанда, біздің күнделікті қағаз құжатқа қойып жүрген қолтаңбамыздың электрондық түрі. «Электрондық цифрлық қолтаңбаның» қағаз түріндегідей заңды күші бар, яғни, қағазға қойылған қолтаңба мен электронды цифрлы қолтаңбаның заңды күші бірдей деген сөз.

Бүгінде елімізде электронды үкімет қолға алынып, egov.kz арқылы азаматтар өз бетінше қызмет алу мүмкіндігіне ие болды. Қазірде «бір өтініш» қағидаты іске асырылуда. Бұл − халыққа бірнеше қызметті бірден көрсету. Оның үстіне ТМД елдері бойынша алғашқы болып проактивті қызметтер енгізіліп жатыр. Қазір бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді сәбилі болған ата-аналар перзентханадан шықпай, телефонның көмегімен-ақ ала алады. Яғни туу туралы куәлікті, балабақшаға кезекке қою, жәрдемақыларды тағайындауды SMS-тің көмегімен рәсімдеуге болады.

Дегенмен де, электрондық үкіметтің осы қызметін пайдаланбай, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік Корпорациясына бару арқылы қызметті пайдалануды жөн көретіндер де баршылық. Егер электронды қызметтерді алып үйренсе, халық ұзын-сонар кезекте тұрып, алтын уақыттарын жоғалтпас еді. Оның үстіне қызметтерді өз бетінше алу қаржылай жағынан да тиімді, яғни босқа шығындалмайды. Осы мақсатта біздер халықтың цифрлық сауаттылығын көтеруге атсалысудамыз.

Электронды үкімет қоғамымыздың оң дамуы мен бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарына кіруде маңызды рөл атқарады. Дәл қазір мемлекеттік мекемелердің жұмысын электронды құжат айналымы жүйесінсіз елестету мүмкін емес.

Электронды үкімет мемлекеттік билік органдарының ведомствоаралық электронды әрекеттесуі бірыңғай ақпараттық-технологиялық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да көмектеседі. Алайда, бұл бағдарламаның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, халыққа тез әрі сапалы қызмет көрсету болып табылады.

А.ЖАҚСЫЛЫҚ,

Қызылорда облысы әділет департаментінің тіркеу

қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету

және бақылау бөлімінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!