Қазақстанда энергетика саласындағы жалақы деңгейі өңірге, нысан түріне және жұмыс сипатына қарай айтарлықтай өзгереді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылдың 3-тоқсаны бойынша ресми статистика ТЭЦ, ГЭС, жаңартылатын энергия көздері мен желілік компаниялар арасындағы айырмашылықты айқын көрсетіп отыр.

Энергетика саласындағы орташа жалақы

2025 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен жабдықтау саласындағы:

орташа айлық жалақы – 450 298 теңге

медианалық жалақы – 367 221 теңге

Жеке түсінік бере кетер дүние – медианалық жалақы. Бұл – барлық қызметкердің жалақысын қатарға қойғандағы ортаңғы көрсеткіш. Яғни жұмысшылардың жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алады.

Бұл көрсеткіш сала ішінде табысы жоғары мамандар бар екенін, алайда қызметкерлердің басым бөлігі медианалық деңгейде жалақы алатынын аңғартады.

Қай өңірлерде энергетиктер көп жалақы алады?

Жалақысы жоғары өңірлер
• Алматы қаласы – 611 558 теңге
• Астана қаласы – 591 698 теңге
• Алматы облысы – 573 348 теңге
• Павлодар облысы – 511 319 теңге
• Ұлытау облысы – 504 262 теңге

Бұл өңірлерде ірі ТЭЦ-тер, энергия өндіру және тарату тораптары шоғырланған. Сондай-ақ білікті кадрларға сұраныс жоғары.

Жалақысы төмен өңірлер қатарында: 
• Жетісу облысы – 268 509 теңге
• Батыс Қазақстан облысы – 269 907 теңге
• Қызылорда облысы – 326 993 теңге
• Жамбыл облысы – 330 501 теңге

Аталған аймақтарда желілік компаниялар мен шағын энергетикалық нысандар басым.

ТЭЦ, ГЭС және ВИЭ: жалақы неге әртүрлі?

ТЭЦ (жылу электр орталықтары)
• Жалақы деңгейі ең жоғары сегменттердің бірі
• Тәулік бойы үздіксіз жұмыс
• Қауіп деңгейі мен жауапкершілік жоғары
Орташа жалақы: 450–520 мың теңге

ГЭС (су электр станциялары)
• Жалақы тұрақты, бірақ ТЭЦ-тен төмендеу
• Автоматтандыру деңгейі жоғары
Орташа жалақы: 400–480 мың теңге

ВИЭ (күн және жел электр станциялары)
Қызметкерлер саны аз
• Негізінен техникалық бақылау жұмыстары
Орташа жалақы: 300–400 мың теңге

Электр желілік компаниялар
Жалақы салыстырмалы түрде төмен

Тарифтік саясатқа тәуелді
Орташа жалақы: 280–350 мың теңге

Энергетика жалақысы басқа салалармен салыстырғанда

Энергетикадағы орташа жалақы 450 мың теңге деңгейінде.
Бұл көрсеткіш:
• қаржы секторынан (1 млн теңгеден жоғары),
• IT және авиация салаларынан төмен,

алайда:
• құрылыс,
• өңдеу өнеркәсібі,
• сауда салаларынан жоғары.

Түйін

Энергетика саласында жалақы біркелкі емес. Айырмашылыққа әсер ететін негізгі факторлар:
• өңірдің өндірістік әлеуеті,
• энергетикалық нысанның түрі,
• еңбек жағдайы мен қауіп деңгейі,
• тарифтік және кадрлық саясат.

Сондықтан энергетиктердің бәрі жоғары жалақы алады деген түсінік шындыққа толық сай келмейді. Кей өңірлерде бұл сала тартымды болса, кей аймақта жалақы елдегі орташа деңгеймен шамалас.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!