2025 жылғы 4 қарашада Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырған іс-шарада алғаш рет түркі өркениетінің тереңдігі мен ұлылығын бейнелейтін бірегей жобалардың тұсаукесері өтті.

Іс-шара барысында түркі халықтарының мәдени мұрасына арналған және түркі мемлекеттері Басшылары бекіткен «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «TURKTIME» стратегиялық құжаттарына сәйкес дайындалған «Түркі әлемінің мәдени коды» атты түркі әлемінің мәдени мұрасының Каталогы, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасымен және түркі елдері Басшыларының қолдауымен жүзеге асқан көптілді, көптомдық «Түркі фольклорлық мұрасы» Антологиясы таныстырылды.

Іс-шараның жалғасы ретінде 2025 жылғы 3 қарашада ЮНЕСКО-ның 43-сессиясында қабылданған шешімге сәйкес «15 желтоқсан – Дүниежүзілік түркі тілі тобының күні» (World Turkic Language Family Day) болып жариялануына арналған жиын өтті.

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова салтанатты рәсімді ашып, ЮНЕСКО мен Өзбекстан Республикасына іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырылуына көрсеткен қолдауы мен қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді.

Ақтоты Райымқұлова Қор шығарған «Түркі әлемінің мәдени коды» түркі әлемінің мәдени мұрасы Каталогы мен көптілді, көптомдық «Түркі фольклорлық мұрасы» Антологиясы жайлы баяндап, осы жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан мамандарды, ғалымдарды және Консультативтік комитет мүшелерін шын жүректен құттықтап, олардың еңбегі мен адалдығы үшін ризашылығын білдірді.

«Түркі әлемінің мәдени коды» жобасының кураторы Рустам Музафаров пен «Түркі фольклорлық мұрасы» Антологиясын әзірлеуге қатысқан Өзбекстанның белгілі ғалымы Жаббор Ешенқұлов та сөз сөйлеп, ұсынылған еңбектердің маңызын атап өтіп, Қордың түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау жолындағы қажырлы еңбегін жоғары бағалады.

Құрметті қонақтардың қатарында Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Түркия Республикасының Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, профессор Күршад Зорлы, Өзбекстан Ғылым академиясының вице-президенті, профессор Бахром Абдухалимов болды. Олар бұл тарихи шешімнің түркі тілдерінің байлығын халықаралық деңгейде мойындатуға ықпал ететінін және Қордың бұл бағытта атқарған еңбектерін жоғары бағалады.

Іс-шарада Әзербайжан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, елші Эльман Абдуллаев, Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Түрікменстанның Франциядағы елшісі және ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Мақсат Чариев, сондай-ақ Венгрияның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Кинга Симон сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов, Қырғыз Республикасының Франциядағы елшісі және ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Садық Шер-Нияз, Қырғыз Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының жауапты Сабира Солтоңгелдиева, Түркия Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Гүлнұр Айбет, Өзбекстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Камол Мухтаров, сондай-ақ Түркия ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы, профессор Ожал Оғуз, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік офисының директоры Амир Пирич, Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық институт (МИЦАИ) директоры Эврен Рутбиль белсенді қатысты.

Іс-шараға Бельгия, Эквадор, Франция, Латвия, Оман, Катар, Венесуэла және Чехияның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдіктері, Өзбекстандағы аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар мүшелері, танымал ғалымдар, мәдениет институттарының өкілдері, түркі мәдениеті мен мұрасына қызығушылық танытқан шетелдік қонақтар және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсім этно-фольклорлық «TURAN» ансамблі солистерінің жарқын өнер көрсетуімен жалғасты. Түркі мәдениеті және мұрасы елшілері саналатын топтың өнері қатысушылардың зор ықыласына бөленіп, ұзақ қошеметке ие болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!