Түркістан облысында 600 мың теңге қалың мал үшін 15 жастағы қызым ұзатылды деген Бауыржан Мәсімов, тұңғышының жастай тұрмысқа шығуына анасын кінәлайды. Айтуынша, бұрынғы әйелі қызын ақшаға қызыққандықтан ұзатқан. Бірақ бұл туралы күйеуіне айтпаған. Ер адам әлеуметтік желіде қызының орамал таққан суреттерін көріп есімнен танып қала жаздағанын мәлімдеді. Дегенмен ажырасқалы бері 10 жылдай алимент төлеместен хабарсыз кетті деген әкенің әрекетін бұрынғы әйелі де, тіпті туған қызы да «жалған жанашырлық» деп есептейді. Олар шағым берген ер азаматтан көрмеген қорлығымыз жоқ дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Ер адам әйелімнен ажырасқан соң қызының бар жағдайын жасағанын айтады. Баспана беріп, 50-100 мыңдап қаржылай көмектесіп тұрған екен. Ол аздай 500 мың теңге көлемінде ақшаны несиеге де рәсімдеп бергенін қосып өтті. Ал анасының қызын шұғыл ұзатуының арғы жағында дәл осы ақшаға құнығушылық жатыр деп ашуланды.
“Менің қызымды банк қылып жатыр да бұл жерде. Ол ертең, мен білмеймін олардың арасында не барып, неге бұл шұғыл күйеуге беріп жіберді, түсінбей қалдым. Мен жаман болайын, жақсы болайын, әкесімін ғой?! Әйел адамның басы істейтін болса хабарлап айту керек еді ғой, «осындай-осындай» деп. Мен сеніп бердім. Өгей шеше де сатпайды ғой өзінің қызын. Өгей шешеден бес бетер болып тұр ғой анасы”, – деді 15 жастағы қыздың әкесі Бауыржан Мәсімов.
Қыздың анасы бұрынғы жолдасының айтқандарымен келіспейді. Онсыз да алимент төлеп жарытпаған соң, ақша сұрауды да тоқтаттым деп отыр. Керісінше, құнды заттарын ұрлап, істі болған азаматқа сотта кешірім де бергенін айтады. Келіншектің айтуынша, кезінде әкесі қызын өзіне айтпастан интернатқа өткізіп жіберген. Әрі қызы ерікті түрде тұрмыс құрамын деген соң сүйген жігітіне қосылуына қарсы болмағанын айтты. Ажырасқалы бері қызына көйлек әпермеген әкенің кенет «жанашыр» бола қалғаны өтірік, «қызын сатты» дегені жала дейді.
“Мен қызымды сататын болсам, неге 2 миллион сұрамаймын? Неге 600-ақ мың теңге? Құдалар барын берді. Біздің бар жағдайымыз осы, екеуі бір-бірін жақсы көреді деді. Енді мен жаңағы заң білмеген соң,15 жасар қыздың тұрмысқа шықпайтынын білмеппін. Сол менің қателігім болып тұр. Бір жағынан екеуі тіл табыса алмады. Жас қой тем более. Бір жиырма күнге жетті ме, жетпеді ме, сондай болды-ау. Жетісі күні беташары болды. 31 декабрь күні барып алып келдім ғой”, – деді қыздың анасы Кәмила Керімбекова.
Дегенмен қазір полиция қылмыстық кодекстің 122-бабы, яғни 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу дерегімен қылмыстық іс тіркеп, тергеу жүргізіп жатыр. Ал қыздың әкесі көрсеткен өзге деректер анықталмаған.
“Полицейлер іс-шаралар кешенін жүргізді. Алайда қызды ұрлау мен мәжбүрлеп ұстау фактілері расталмады. Оқиғаның қатысушылары қыз бен жігіт бір-бірін ұзақ уақыттан бері танитыны және бірге өмір сүруді жоспарлағаны анықталды”, – Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Әбдірахманқызы.
Істі Жетісай полиция бөлімі тергеп жатқанымен, департамент басшылығы оны бақылауға алған. Ажырасқан қыз қазір анасымен бірге Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрады. Он жылдай хабарсыз кеткен әкесінің көмегіне қызы да, бұрынғы әйелі де мұқтаж емеспіз деп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында ер адам 15 жастағы қызды алып қашқаны туралы хабарлаған едік. Ер адам мектеп оқушысын ұрлап, анасына қалың мал ретінде 600 мың теңге төлеген. Кейін бұл туралы қыздың әкесі біліп, полицияға арызданған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!