Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған дейін оны қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 мамырына дейін ұзартылған еді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу тобы К. Мәсімовке, Ә. Садықұловқа, Д. Ерғожинге және басқа да күдіктілерге қатысты тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы төрағасы К. Мәсімов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Ә. Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 маусымына дейін, сондай-ақ тағы бір орынбасары болған Д. Ерғожинді қамауда ұстау 13 маусымға дейін ұзартылды», – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты осы жылдың 6 қаңтарында ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігімен мемлекетке сатқындық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Биыл наурыз айында Бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!