Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы шаруа қожалығында эмкар індетінен ірі қара мал қырылуда, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Диапазон басылымына сілтеме жасап.

Оқиға орнына мал дәрігерлер барып, қырылған малдан сынама алған. Облыстық ветеринарлық зертхана жүргізген сараптама нәтижесінде малдың эмкар ауруынан өлгені анықталған.

«Қырылған малдың өлекселері арнайы мал қорымына шығарылып, жойылды. Қалған мал ветеринарлардың бақылауында», – деп хабарлады ветеринария басқармасы.

Қазіргі уақытта қожалықта мыңнан астам ірі және ұсақ мал, сондай-ақ жеті жылқы бар.

Көптоғай ауылдық округі әкімінің шешімімен шаруашылыққа карантин енгізілді.

Мамандардың айтуынша, эмкар (эмфизематозды карбункул) – жануарларда қызба туғызып, бұлшықеттерінде ісіктер пайда болуына әкелетін жұқпалы ауру. Көбіне ірі қара мал зардап шегеді. Қой мен ешкіде сирек жағдайларда кездеседі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!