Елімізде картоп экспортына енгізілген шектеуге байланысты Түркістан облысының барлық кеден бекеттерінде бақылау күшейді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Енді мұнан былай Сарыағаш станциясынан теміржол вагондарына тиелетін көкөністің барлығына мониторинг жасалады. Автокөлік жолдары арқылы контрабандалық тауар тасымалы жіті қадағаланатын болды.
Картоп бағасы әрі қарай да қымбаттап кетпеуі үшін өңірде арнайы штаб құрылды. Атқарушы білік шекара қызметі және Қазақстан теміржолы компаниясының жергілікті бөлімшелері басшыларының қатысуымен шұғыл жиын өткізіп, нарықты реттеу тетіктерін белгіледі, деп жазады qazaqstan.tv.
«Сарыағаш ауданынан автокөлік жолдары арқылы шетелге шығатын 2 бекетіміз бар. Ол бекеттерді де жұмыс тобы қадағалайды. Контрабандалық жолмен өтіп кетпеуін бақылауға алады. Фермерлер картоптың қымбаттауына өндіруші мен тұтынушы арасында делдалдық жасайтын трейдерлердің ұрымтал сәтті пайдаланып, бағаға үстемақыны 150 пайызға дейін көбейтіп жібергені себеп деп отыр. Соның әсерінен кей өңірлерде картоп бағасы екі есеге қымбаттап 450 теңгеге жеткен. Ал дүкен сатушылары болса табыс үшін алған нарқымыздың үстіне аз ғана үстіне ақша қосқанымызбен сауда бұрынғыдай емес дейді.»
Нұрболат Тәліпов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары
Картоп және көкөніс өндірушілер одағы экспортқа енгізілген шектеудің салдарынан ірі шарушалықтардың сыртқы байланысы үзіліп қалатын болды деп алаңдаулы. Өйткені қазақстандық шаруалар Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдеріне жыл сайын 400 мың тонна картоп экспорттайды. Биыл олар шетелдіктермен жасаған келісіміндегі өнімнің тек 60 пайызын ғана жіберіп үлгерген.
«Биыл келісімшартпен өз өнімін ала-алмай кеткен шетелдіктеріміз келесі жылы бізге келмейді. Бір апта бұрын біздің елімізде 600 мың тонна көлемінде картоп бар болатын тұғын.»
Байжан Уәлиханов, Картоп және көкөніс өндірушілер одағының төрағасы
Әзірге Түркістан облысында картоптың 3 айға жететін қоры бар. Бағаны тұрақтандыру қоры арқылы 4 мың тоннадан астам өнім сатып алу туралы шаруалармен форварттық келісімшарт жасалған. Ал ақпан бастап Пәкістаннан ай сайын 500 тонна картоп сатып алуға өтінім берілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!