Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде республикалық «Ақмешіт жастары» газеті ұжымымен кездесу кеші өтті. «Жалынды жастар жаршысы» атты шараны «Шетел тілі» бөлімі болашақ мамандар бойына БАҚ-қа деген құрметті арттыру мақсатында ұйымдастырған.

«Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы, ақын Айдар Сайлауов газеттің мәні мен мазмұнына, тағылымы мен тарихына тоқталса, Айдана Жұмадинова мерзімді басылым саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Замира Қонысжан газеттің он жылдық белесі мен бейнесін студенттерге еркін түсіндірді. Ал газет тілшісі Аружан Оралбай жеке шығармашылығынан өлең оқыды.

Өңіріміздегі белді оқу орнына айналған білім ордасының студенттері дөңгелек үстел басында еркін сұхбат құрып, өнерлерін ортаға салды. Олар кеш қонақтарына баспасөз саласы мен шығармашылыққа байланысты көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ерекше қызығушылықтарын білдірді.

Түрлі сауалдарға тиісінше жауап берген қонақтар алдағы уақытта да студенттерге ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Келелі кешті қорытындылай келе, білім ордасының оқытушылары газет ұжымын «Республикалық басылым» статусын алуымен құттықтап, мазмұнды кітаптарды сыйға тартты.

А.Маратқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!