Фото: Sputnik / Павел Лисицын
Sputnik. Қазақстанның азаматтық авиациясына биометрия енгізіледі. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Digital Transport Day форумының кулуарында айтты.
«Азаматтық авиация саласында биометрия енгізу жоспарланып отыр. Жабдықты сатып алып қойдық, қазір іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны Цифрландыру министрлігінің E-gov бағдарламасымен біріктіреміз. Содан кейін тексеру аймағынан биометрия көмегімен – саусақ іздері, көз торын түсіру арқылы өте аламыз. Біз мұны 2024 жылдың соңына дейін енгізуді жоспарлаған едік, бірақ жабдықтың кеш жеткізілуіне байланысты оны 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына ауыстырып отырмыз», – деп түсіндірді вице-министр.
Биометрия жолаушыны жеке куәлік арқылы тексеруге балама ретінде қолданылады.
«Сіз онлайн тіркелдіңіз делік, содан кейін тексеру әдісін таңдайсыз – құжат немесе биометрия. Жабдыққа жақын келіп, көздің торын сканерлейсіз немесе саусағыңызды қоясыз. Жабдық кім екеніңізді анықтайды, содан кейін өте бересіз», – деді вице-министр.
Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, жолаушының жеке деректері Egov жүйесінде ғана болады, іске қосу кезінде алдымен азаматтар деректерді өңдеуге келісім береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!