Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.
Ауғанстан жеріне интернационалдық борышын өтеуге елімізден 22 мың сарбаз аттанып, оның 942-сі елге оралмады. Біздің облыстан 827 азамат қатысып, оның 18-і қаза тапқан.
− Қазақ қашанда «Ер – елдің қорғаны» деп, ер азаматтың қоғам алдындағы биік бағасын асырып, мерейін тасыта білген халық. Бүгін сол сұрапыл жылдардың куәсі, батыр да батыл ағаларымыз ортамызда. Сіздерге құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз. Тәуелсіздік – Қазақстан халқы үшін қастерлі ұғым, өшпейтін құндылық. Біз үшін тәуелсіздіктен асқан байлық жоқ. Сондықтан, елдегі бірлік пен берекенің бесігін тербетіп, жақсылықтың жаршысындай болған өздеріңізге айтар алғысымыз шексіз. Ерліктеріңіз ел есінде мәңгі сақталады. Өйткені, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіз еліміздің жас буынын патриоттық рухта тәрбиелеуде сіздер әлі де талай еңбек атқара береді деген сенімдемін, − деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.
Сала басшысы Ауған соғысының бір топ ардагерлеріне облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті. Мұнан соң «Ауған соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов, қаруластарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
− Отанын оттан қорғаған, оқ борап тұрған соғыс даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, жат жұртта шейіт болған ұлықтау біздің міндетіміз. «Ер − елсіз болмайды, Ел − ерсіз болмайды»деген дана халқымыз. Батырлардың рухы асқақ. Ерлігі жастарға үлгі, − деді ол.
Шара соңы облыстық филармония мен қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!