Редакциямызға Астана қаласындағы бірқатар сән салонының жұмыс істеуіне қатысты шағымдар келіп түсті. Сел себепті денсаулық сақтау министрлігіне сұлулық салондарының рұқсатына қатысты сауал жолдаған едік. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан заңына сәйкес бұл қызмет түрі міндетті лицензиялауға жатады.Ол «Медициналық қызметке лицензия беру» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Медициналық қызметке лицензияны алу үшін денсаулық сақтау субъектісі медициналық қызметке қойылатын біліктілік талаптарына сай болуы қажет.
Біліктілік талаптарына сай, оларға мынандай талаптар қойылады:
- денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейтін санитариялық қағидаларға сәйкес келетін үй-жай немесе ғимарат;
- өтініш берілетін медициналық қызметтің кіші түрлері бойынша маман сертификаты, соңғы 5 (бес) жыл ішінде біліктілікті арттыру
- мәлімделетін медициналық қызметтің кіші түрлері бойынша бейінді қызметтердің медициналық көмек көрсетуін ұйымдастыру стандарттарына және денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандыру ең төмен стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін медициналық және (немесе) арнайы жабдық, аппаратура мен құрал-сайман, аспаптар, жиһаз, мүкәммал, көлік және басқа да құралдар.
Медициналық қызметпен айналысу үшін жеке адам да, компания да алдымен лицензия алуы керек. Ол үшін өтінішті Комитеттің аумақтық департаментіне электронды түрде жібереді.
Өтініш:
- арнайы бекітілген үлгі бойынша (2 немесе 3-қосымша нысаны),
- қажетті құжаттар қоса тіркеліп,
- электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталып,
- «электрондық үкімет» порталы арқылы беріледі:
- www.egov.kz немесе www.elicense.kz.
Яғни, лицензия алу үшін құжаттарды қағаз жүзінде апарудың қажеті жоқ, барлығы онлайн түрде рәсімделеді.
Заңға сәйкес халыққа сыртқы косметикалық құралдарды, манипуляцияларды және косметологиялық аппаратураны пайдалана отырып, ересектер мен балаларға дерматокосметологиялық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау субъектілерінің «Дерматовенерология» кіші түрі бойынша медициналық қызметке лицензиясы болуы қажет. Мамандардың «Дерматовенерология» мамандық бойынша маман сертификаты болуы керек.
«Денсаулық сақтау саласындағы заң бұзушылықтар тек жоспардан тыс тексеру кезінде анықталады. Мұндай тексеру адам өмірі мен денсаулығына немесе заңды мүдделерге нақты қауіп төнген жағдайда жүргізіледі. Егер нақты фактілер болса немесе медициналық ұйымның рұқсат құжаттарын тексеру қажет болса, азаматтар Комитеттің аумақтық департаментіне жүгіне алады», – делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ «E-license» порталында «рұқсат құжаттарын іздеу» бөлімінде БСН бойынша денсаулық сақтау ұйымда медициналық қызметке лицензияның бар-жоғын кез келген адам өз бетінше тексере алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
