Sputnik. Қазақстанда 24 қарашадан бастап тұтынушылық кредиттерге қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұдан былай мерзімі өтіп кеткен қарыздар болса, қосымша кредит беруге шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Fingramota.kz порталына сілтеме жасап.
Қарыз жүктемесі ескеріледі
Жаңа ережеге сәйкес, банктер кредит алғысы келетін адамның қарыз жүктемесін бағалайды. Қарыз жүктемесінің коэффиценті – бұл кредит төлеуге кететін табыстың бір бөлігі. Оның шекті көлемі 0,5 болады.
«Бұл дегеніміз, қарыз алушы ай сайын барлық кредит бойынша жұмсайтын ақшасы табыстың 50 процентінен аспауы қажет. Мысалы, айлық табыстың көлемі 300 000 теңге болса, кредит жүктемесі 150 000 теңге болады», – дейді мамандар.
Осылайша, адамның жаңа кредит бойынша төлем қабілеттілігі бағаланады. Бұған дейін алынған қарыздар үшін ай сайын 150 000 теңге жұмсалса, жаңа қарыз берілмейді.
Мерзімі өтіп кеткен кредит болса, талап күшейтіледі
24 қарашадан бастап соңғы 12 айда кредит төлемін 90 күнге артық уақытқа кешіктірген азаматтар үшін қарыз жүктемесінің коэффиценті 0,5-тен 0,25-ге дейін төмендетіледі. Мәселен, ай сайынғы табыс 300 000 теңге болса, 75 000 теңгенің шегі болады. Барлық кредит бойынша ай сайынғы төлем осы сомадан аспауы шарт.
Тұтынушылық кредиттерге қатысты талап
Жаңа ереже бойынша кепілсіз тұтынушылық кредиттерге қатысты талап та күшейтіліп отыр. Бұдан былай ондай кредиттер екі санатқа кіретін адамдарға берілмейді. Олар:
- банк кредиттері бойынша төлем мерзімі 30 күннен асып кеткендер;
- микрокредиттер бойынша төлем мерзімін 1 күннен кешіктіргендер.
Бұдан бөлек, кредиттік қаупі бар санаттар да анықталды. Олардың қатарына 2025 жылы 1 шілдеден бастап қарызы кешірілген және соңғы бір жылда қарызды қайта құрылымдау шарасынан кейін кредитті төлеу тәртібін сақтамаған азаматтар кіреді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!