Құрметті «KQ-KitapQurttary»  клубының мүшелері!

Сіздерді клубтың 3 жылдық мерейлі мерекесімен, бедерлі белесімен шын жүректен құттықтаймын. Адам жанының емшісі де, көңіліне көктем болып орнайтын немесе бір сәтте суығымен қарып алар қысқа айналдыратын да – сөз. Қара сөздің қасиетін ұғынар жеті азаматтан құрылған шағын топ үш жылдың ішінде құрамында 100 шақты мүшесі бар рухани күшке, зиялы қауымға айналып үлгерді. Әр адам өз ортасының айнасы десек, клубтың әрбір мүшесі арқылы қаншама қазақстандық, қызылордалық жастың кітап оқуға деген құштарлығы артып, оған күнделікті әдетінің бірі ретінде қарай бастады. «Әлемді өзгертуді өзімізден бастайық» деген адамзаттық миссияны сөзбен ғана емес, шынайы іспен жүзеге асырып келесіздер. «Кітап құрттары» – өзгерістерге бейім, саналы да сапалы буынның, бәсекеге қабілетті қоғамның көрінісі.

«Кітап – мәдениеттің мәйегі» деген жазушы Шерхан Мұртаза. Жаһандануға ұмтылған кезеңде ұлттық діңгегімізді алыстан іздемей, жүрегі, жаны қазақ әдебиет кейіпкерлері мен отандық шығармалар арқылы өзімізді тануға талаптану шартты дүние. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі түгел өмірін сөзге сыйдыра білген бабалар танымымен танысу үшін парасат пен пайым биігі керек. Осы орайда жаңа ұрпаққа «атасының емес, адамның баласы» болуды насихаттап, өзінің кеше кім болғанын, бүгін кім екенін, ертең кім болатынын ұғындыруды мақсат еткен жобаның жетістігі жоқ емес. «Бес жылдан кейін адамның қандай болатыны қазір оқып жүрген кітабына байланысты» деген тәмсілдің мәні де осында жатыр. Әр атаулы күндерден бөлек тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан кітапты бірге талдау, пікір алмасу, ой толғау шаралары келген жанның жүрегіне шырақ болып жанбақ. Клуб құрамында тек Қызылорданың ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалалары жастарының болуы – осының айғағы.

Бүгінгі жаһандану мен цифрландыру дәуірінде ұлттың мәдениеті, болмысы, сауаты кітап оқуына байланысты. Осы орайда өзіңіз бастаған кітап клубы мүшелері «Кітап сыйла» акциялары, «Косплей party», интеллектуалды квесттер мен сайыстарды ұйымдастыру арқылы жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттың оқу мәдениетін жаңғыртуда өлшеусіз үлес қосып келеді.

Бұл, Сіздердің, қоғам өмірінің бел ортасында болып, Президент айтқан, ел сенген жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз деп білемін. Үшжылдық мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, шығармашылық табыс пен жаңа мақсаттарыңызға жету жолында жетістік пен жемісті еңбек тілеймін!

Мира ҚАЗБЕКОВА,

облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!