Фото: Ақмола облысы әкімдігінен
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетауда Қылшақты өзеніне құйылып жатқан ағын судың ұлғаюына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл туралы KAZINFORM ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Аймақ басшысы Марат Ахметжанов облыс орталығында вокзал маңындағы аумақты аралап, Жанділдинов көшесінде тұратын тұрғындармен де кездесті. Олардың баспаналары өзен бойына жақын орналасуына байланысты үйлері су басу аумағында тұр.
«Мен жағдайдың күрделілігін түсінемін, сіздерден шыдамдылық танытуларыңызды сұраймын. Биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс орталығында осындай келеңсіз жағдай болып отыр. Жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін бар күш-жігерімізді жұмылдырып жатырмыз», – деді Марат Ахметжанов.
Шығынды өтеуге қатысты әкім әрбір жағдай жеке және шұғыл түрде қаралатынын атап өтті.
«Шешім туралы біз сіздерге міндетті түрде хабарлаймыз. Бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр», – деді облыс әкімі.
Айта кетсек, 6 сәуірдегі жағдай бойынша Көкшетауда өзен жағасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқынына қарсы жұмыстарға ҚР Ұлттық Ұлан академиясының 60 курсаны көмекке келген. Жалпы, барлығы 326 адам және 122 техника жұмылдырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!