Қазақстанда автокөліктің алдыңғы бүйірлік терезелерін қараңғылауға көпжылдық тыйымды алып тастау ұсынылған. Алайда ІІМ ұсынысты қабылдамады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл бастаманы Мәжілістегі Respublica партиясының депутаттары көтерді. Депутаттар мұндай рұқсаттың ақылы негізде жүзеге асуын ұсынған. Нақтырақ, қараңғылау құны шамамен 50 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни 196 600 теңгені құрайды.

Депутаттар бұл бастама бюджетке жыл сайын 50 миллиард теңгеден астам табыс әкеледі деп есептеген. Олар әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі (Алматы, Шымкент, Тараз) ыстық климатты ескеріп, жүргізушілердің денсаулығына қауіп төндіретін факторларды атап өтті. Автоэксперт Алексей Алексеевтің айтуынша, көлікте күн ұзақ отыратын такси жүргізушілері жиі күнге күйіп, тіпті тері ауруларына шалдығуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігі бұл ұсынысқа скептикалық көзқараспен қарап отыр. Ведомствоның мәлімдеуінше, терезелерді қараңғылау — жүргізушілердің жол ережесін бұзуын анықтауды қиындатады. Қазіргі уақытта ІІМ қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланатын жүргізушілерді анықтайтын жаңа камералар жүйесін сынақтан өткізіп жатқанын хабарлады.

Мұндай технологияларды тиімді қолдану үшін көліктің ішін анық көру өте маңызды. Сонымен қатар, министрлік қараңғылау — көлік арқылы жасалған қылмыстарды тергеуді қиындатып, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретінін айтады.

ІІМ өкілдері қараңғылау рұқсат етілсе, жарық өткізу нормаларын бұзған жүргізушілерді жазалау қиын болатынын ескертті. Қараңғылық деңгейін анықтайтын арнайы құрылғылар қажет екенін ескертіп, оларды сатып алу бюджеттен қосымша шығынды талап ететінін атап өтті.

Қырғызстанда осындай жүйе енгізілген. Онда бір жылдың ішінде бюджеттің кірісі 3,9 миллиард теңгеге жуық қаражатпен толыққан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!