Соңғы күндері Төреғали Төреәліге қатысты түрлі даулы видеолар әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Атышулы әншінің адвокаты — Тілеужан Кішкенебаев өзінің қорғауындағы өнер иесінің қазіргі жағдайы туралы адамшошырлық ақпараттарды алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Адвокаттың айтуынша, Төреғали іс-сапармен Қызылорда қаласына кетіп бара жатқан. Әншінің ата-анасы да, дертке шалдыққан үлкен қызы да сол жақтағы ауруханада жатыр екен. Ұшаққа асыққан «Ұлы дала баласы» кептеліске тап болып, жол ережесін бұзған. Сол сәтте полиция қызметкерлері Төреғалиды тоқтатып, кейін олардың әңгімесі жанжалға ұласқан.
Сондай-ақ аталған шулы оқиға кезінде көлікте Төреғалимен бірге аяғы ауыр әйелі де болған. Қорғаушының сөзіне сенсек, аталған шулы оқиға кезіндегі айхай-шу жүкті келіншектің денсаулығына зиян келтірген көрінеді.
«Бейнетаспада көлікте әйелінің отырғанын көруге болады. Оның әйелі екіқабат, яғни аяғы ауыр. Полиция қызметкерлері Төреғалиды көліктен шығарғысы келетін болса, заң бойынша оны көліктен түсіріп, кейін кіру керек еді. Ал олар оның әйелінің үстіне мініп, таптап отырып Төреғалиды итеріп жатыр. Ол полицияның тарапынан үлкен өрескел қылық. Қазір соның салдарынан іштегі баласының түсіп қалу қаупі төніп, жағдайы нашарлап жатыр. Жәдел жәрдем шақырып, еміңді ал дедік. Өйткені балаға қауіп төніп тұр. Әйелінің айғайлап жылағанын да естуге болады. Ол деген масқара ғой», — дейді Тілеужан Кішкенебаев.
Сондай-ақ адвокат Төреғалидың құқықтары бұзылғанын да хабарлады.
«Бүкіл хаттамалар орыс тілінде толтырылған. Заң бойынша әкімшілік құқық бұзушының өзіне қай тіл ыңғайлы, өзінің жауап бере алатындай тілімен толтырылуы керек болған. Өкінішке орай, біздің полиция қызметкері өздеріне ыңғайлы, Төреғалидың түсінбейтінін біле тұра орыс тілінде толтырған. Оның құқықтарын өрескел бұзған. Одан бөлек құқықтары түсіндірілмеген. Қорғаушыны шақыру туралы талабына құлақ аспаған. Сонымен істі осылай сотқа жолдаған», — деді адвокат.
Тілеужан Кішкенебаев өзінің қорғауындағы Төреғалидың есірткі заттарын қолданғанын жоққа шығарды. Тіпті тәуелсіз сарапшыларды шақырып, алдағы уақытта аппелациялық шағым түсіретінін жасырмады.
«Масаң күйде ауытқулық белгілері бар деген анықтама әкелген. Оны біз Төреғалиден сұрағанымызда, ол масаң күйде болатындай ешқандай әрекеттер жасаған жоқпын деді. Мұның бәрі жалған деді. Төреғали солай айтқаннан кейін нақтырақ көзімізді жеткізу үшін біз қосымша сараптама сұраған болатынбыз. Сараптама қорытындысы үш күн деді. Егер қорытындысы келетін болса біз аппелациялық шағым түсіреміз. Қазіргі таңда аппелациялық шағымды дайындап жатырмыз», — деді Төреғалидың мүддесін қорғаушы маман.
Айта кетейік, Төреғали Төреәлі Алматыда есірткіге мас күйде полицияға ұсталған болатын. Кейінірек әнші 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!