Бүгін белгілі сатирик Көпен Әмірбек 73 жасына қараған шағында өмірден өтті. Бұл қаралы хабарды оның ақын інісі Серік Сейітман растады, деп хабарлайды Экспресс К.
Осыған дейін сықақшының қатты сырқаттанып қалғанын, еміне қомақты қаражат керек екені туралы айтылып жатқанын жазғанбыз.
Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған.
Ол «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ өзі құрған «Көпен келе жатыр!..» атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылды. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысал-мысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
«Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!…», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!..» атты әзіл-сықақ, сыни мақалалар кітабының авторы.
Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!