Қызылордадағы Әбу Құдабаев атындағы №197 Келешек мектебі базасында облыстық оқу орталығы, «Өрлеу»тБАҰО АҚ филиалы және Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Көркем еңбек сабағында ұлттық құндылықтар мен жасанды интеллектті ұштастыру» тақырыбында облыстық семинар-практикум өтті.


Іс-шараның мақсаты – білім беру процесінде ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, көркем еңбек пәнінде заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің тиімді мүмкіндіктерін пайдалану бағытында тәжірибе алмасу болды.

Семинарға аудандар мен қала мектептерінің көркем еңбек пәні мұғалімдері мен әдіскерлері қатысты.

-Бүгінгі таңда мұғалімдерге бар мүмкіндік жасалынып, мектептің техникалық базасы жаңартылуда. Мұғалім тек еш алаңсыз сапалы білім берумен айналысуы керек. Осы орайда білім беру барысында тиімділігіне қарай жасанды интеллектті кіріктіруіміз қажет. Жасанды интеллект ұстаздарымыздың жұмысын жеңілдетіп, көмекші құрал ретінде уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп жатыр. Бүгінгі семинарда әріптестеріміз білім беру жүйесіндегі заманауи әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты, – деді облыстық оқу орталығының әдіскері Ақсәуле Ахметова.

Іс-шара барысында мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен көркем туындыларды цифрлық форматта орындау бағытында шеберлік сабақтарын өткізді.

Семинар соңында белсенді қатысушылар мен жаңашыл идея ұсынған ұстаздарға Алғыс хаттары табысталды. Осындай іс-шаралар ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттырумен қатар, оқушылардың ұлттық рухта тәрбиеленіп, жаңа технологияларды игеруіне мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!