Фото: «Торпедо» ХК баспасөз қызметінен
KAZINFORM — Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы өз тарихында алғаш рет Континенталдық кубоктың күміс жүлдесін иеленді.
2025-2026 жылғы маусымның финалдық кездесулері Англияның Ноттингем қаласында өтті. Турнирдің шешуші кезеңінде өскемендік команда жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, нағыз мінез таныта білді.
— «Торпедо» даттың «Хернинг Блю Фокс» клубын 6:2 есебімен сенімді түрде жеңсе, Францияның «Дюк Д’Анже» командасымен өткен тартысты ойында овертаймда ғана 2:3 есебімен есе жіберді. Ал алтын жүлде үшін өткен кездесуде қазақстандық клуб алаң иелері — «Ноттингем Пантерз» командасымен шеберлік байқасты. Тартысты ойын 4:2 есебімен британдық клубтың пайдасына аяқталды. Турнир қорытындысы бойынша «Торпедо» жүлделі екінші орынды иеленді, — деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
Бұл клуб тарихындағы Континенталды кубоктағы ең үздік нәтиже. Бұған дейін өскемендік хоккейшілердің ең жоғары жетістігі 2007-2008 жылғы маусымда жеңіп алған қола жүлде болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!