Қызылорда облысында дүниеге келген Ерсұлтан Құлтаев пен Жанна Қаражігітова «Хабар» арнасындағы АйнаLine жобасында қонақ болып, өздерінің махаббат хикаясын баяндады. Жас отбасы 2020 жылы шаңырақ көтерген. iЕрсұлтан мен Жанна Mail Agent арқылы 6-сыныптан бері сөйлесіп жүрген. Бірақ алғаш рет кездесу тек 2020 жылы бұйырыпты. «Ерсұлтан екеуміз бір облыстанбыз. Мен Жалағаш ауданынан болсам, ол – Қармақшыдан. Екеуміз көрші ауылда тұратындықтан, алғашында Agent арқылы, кейін басқа да желілерде сөйлесіп жүрдік. Алайда мүлде кездеспеген едік. Бір қызығы, желідегі кейбір достарды өшіріп тастасам да, Ерсұлтанды өшірмеппін. Онда да тура осы жағдай. Араға он жыл салған соң жолықтық. Екі рет кездесіп, үшінші кездесуде келін атандым», – дейді Жанна. Жас келін күйеуіне алғаш болып өзі қадам жасағанын жасырмайды. «Мен Алматыда оқитындықтан, ауылдағы ата-әжеме баратын болдым. Сол себепті Ерсұлтанға жазып, мені күтіп алуын сұрадым. Сол кезде жолығып, әрі қарай отбасын құрдық. Жігітіме бірінші болып өзім ұсыныс жасағаным рас. 25 жасымда кездесіп, тұрмысқа шықтым», – деп күлді келіншек.Алтыншы сыныпта танысып, 2020 жылы отау құрған жас-жұбайлар бүгінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, тек қана жігіттер бірінші қадам жасайды деген пікірден аулақ болу керек. Ол кейде қыздардың бірінші қадам жасағаны да көптеген жағдайда дұрыс болатынын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!