Қапыда ұлынан айырылған қазақтың көрнекті ақыны Серікзат Дүйсенғазы оқыс жағдайдың күңгірттеу тұстары бар екенін айтады. Ұлының шаңғыны жақсы тебетінін айтқан әкесі ағашқа қандай жағдайда соғылғаны беймәлім екенін жазған. Бұл жөнінде ақын желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жазбасында ақын ұлы жайлы жылы естеліктерімен бөліскен. Жалғыз ұлы болған соң  Әлиханның бойына ер азаматқа тән барлық қасиеттерді сіңіріп өсіруге тырысқанын жеткізген.

«Өзім қандай да бір жақсы ортаға барсам, ертіп апарып көрсетіп  жүретінмін. Екеуміз қолымыз бос уақытта атқа мініп, балық аулайтынбыз. Жазды күндері тауға шығып, көлге шомылсақ, қысты күндері коньки мен шаңғы тебетінбіз. Кішкентай күнінен қалаған кітаптарын сатып әперіп, білімді болуға тәрбиеледік. Қазақтың халық ертегілерінен, балалар әдебиетінің озық үлгілерінен, танымдық энциклопедиялардан өзінің  жеке кітапханасын жасақтадық», –  дейді ақын.

Серікзат Дүйсенғазы ұлына Құранның әліппесін таныту үшін  екі жыл  «Әзірет Сұлтан»  мешітінің жазғы имандылық курстарында оқытқанын еске алады.

«Жетінші сыныпқа дейін №48 мектеп-лицейде білім алды. Жетінші сыныпта №9 «Зерде» дарынды балалар мектебіне қабылданды. Сол мектептің мықты ұстаздарының арқасында бойындағы ғалымдық қабілеті ашылды. Физика, информатика, робототехника салалары бойынша өткен қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жиырмадан аса сайысында олжа салды. Жоғары математика мен физиканы жақсы меңгерді. Тіпті оның жасаған өнертапқыштық жобаларын өткен жазда  «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп, эфирден көрсеткенін енді ғана біліп отырмын. Маған ол туралы өзі айтқан жоқ. Мақтанғанды ұнатпайтын», – деп жазды ол.

Қыршынынан қиылған Әлихан Никола Тесла сияқты инженер-өнертапқыш ғалым болуды армандапты. Алдағы ақпан айында үш мемлекет қатысатын халықаралық «Жәутіков» олимпиадасына қатысуға дайындалып жүрген екен. 

Серікзат Дүйсенғазы ұлының оқыс жағдайда опат болды дегенімен, кейбір тұстарының күңгірттеу болып тұрғанын ашық айтқан. Ол ұлының шаңғыны жақсы тебетінін айтады. 

«Ағашқа қандай жағдайда соғылғаны беймәлім. Сол соңғы рет тауға көтеріліп бара жатқанын анасы түсірген видео бар. Әрі қарай не болғанын біз білмейміз. «Елікті» шаңғы базасының қызметкерлері бір жарым сағаттай құлаған баланы таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей,  тығып ұстағаны көкейге күдік ұялатады. Сондықтан оқиға болған сәтті көрген куәгерлерді іздеп жатқанымыз рас», – дейді ақын.

Серікзат Дүйсенғазы шаңғы базасында ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмағанына тоқталған. Сөзінше, мыңдаған адам сырғанап жатқан жерде алғашқы көмек көрсететін дәрігерлері де жоқ болған. Тіпті баласын жоғалтып алған кезде ешкім жауап бермей, бір-біріне сілтеген де көрінеді.

«Сол «Елікті» ештеңе болмағандай әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Біздің елде адамның құны жоқ екені, ешкім ештеңеге жауапты емес екені осыдан-ақ білінбей ме? Сондықтан біздің мемлекеттік органдар осындай демалыс орындарының техникалық қауіпсіздігін тексеру керек деп санаймын. Оны бұқаралық ақпарат құралдары түсіріп, халыққа жариялау керек. Онсыз да ат төбеліндей аз қазақпыз. Қырып тастай беретін артық адам жоқ бізде! Алла Тағала қара орман қазағымды аман қылсын! Кішкентай Әлиханымның жетпеген ұлы арманына жететін ұрпақ көп болуын тілеймін!» – деп жазған қаралы азамат.

Еске салайық, 4 қаңтарда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы Әлихан есімді ұлы оқыс жағдайда қайтыс болғаны белгілі болған.

5 қаңтарда Ақмола облысында 2 қаңтарда шаңғы базасында кәмелетке толмаған баланың өлімі бойынша тергеу жүргізіп жатқаны жазылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!