ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетовтің ҚР Премьер-министрінің орынбасары С.Жұманғаринге жолдаған депуттатық сауалы ұсынылып отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауда көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұрғанын атап өткен болатын.

Осы бағытта Үкімет ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. 3 жыл аралығында ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-дан 20%-ға дейін қысқартып, бюджетке 2 трлн теңге қосымша кіріс түсірткен.

Бүгінде көлеңкелі экономиканың үлесі –17 % шамасында болса, бұл кем дегенде бюджетке әліде 2-2,5 трлн теңге салық түспейді деген сөз.

Бұл үлес ресми статистикаға сүйеніп, мемлекеттік органдардың берген ақпараты. Ал, біз білмейтін, ресми статистиканың назарынан тыс қалатын қызмет түрлері қаншама?

Бір заң жобасын зерделеу кезінде келеңсіз жайтқа тап болдым. Елімізде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыруға және басқа ведомстволарды үйлестіруге жауапты мемлекеттік орган жоқ болып шықты. Әр мемлекеттік орган бір-біріне сілтейді. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде шаралар қабылдайды, бірақ құзыретті нақты бөлетін, жауап беретін тұтас жүйе жоқ. Аталған проблема бойынша кешенді жоспарлармен барлық салалар қамтылмаған. Бұл бір.

Екінші «Көлеңкелі» экономикаға көбірек үлес қосатын сала, бұл – сауда. Ал сауданың жүйесі – базар. Әлбетте, базардың аты – базар. Ондағы еркін сауданы қадағалау қиын. Бірақ дұрыс ұйымдастыруға мүмкіншілігіміз бар ғой. Елімізде қолма-қол ақшасыз айналым коэффициенті жыл сайын өсіп келеді. Яғни, көлеңкелі экономиканың бір көрінісі – салық төлеуден жалтару. Оның бірнеше себебі бар. Солардың бірі салықтық әкімшілендірудің әлсіздігі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпратында Орталық Азия елдерінің азаматтары Қазақстанда үш жыл ішінде 136 млрд теңге табыс тапқан. Алайда, Ұлттық Банктің ақпараты бойынша, осы уақыт ішінде олар Отанына жалпы 1 трлн теңге аударған. Яғни, «көлеңкелі» тауарларды немесе қызметтерді өндіру ықтималдығы жоғары деген сөз. Уақыт тығыздығына байланысты мен келтіріп отырған ұсыныстар тек кіріспесі. Білек түріп, майшаммен қарайтын болсақ, бюджеттің кірісін толтыруға мүмкіншілігіміз жетіп артылады.

Осы айтылғанды назарға ала отырып, алдымен келесі мәселелерді қарастыруды ұсынамыз.

1.Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыратын және үйлестіріп, жүргізетін бір мемлекеттік органды анықтау.

2. Жалған келісім-шарттарға қарсы тұру үшін тауарды жеткізу тізбегі бойынша қосылған құн салығымен құжаттар қатар жүретін нақты бір жүйе құру қажет. Бұл жүйе толықтай цифрландырылған болуы шарт. Нәтижесінде бюджетке төленуі тиіс салықты Үкімет автоматты түрде есептеп беруі керек. Бұл әсіресе шағын және орта бизнеске үлкен көмек болар еді.

3. Халықты банктік карталар арқылы төлемдер жасауға ынталандыруымыз қажет. Оған әртүрлі іс-шаралар барысын ұсынуға болады. Олардың бірі – төлеген құн салығының бір бөлігін бонус ретінде қайтаруға болады деп санаймын.

Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймын.

М.Жайымбетов,
«AMANAT» партиясы
фракциясының депутаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!