Фото: DALL-E

KAZINFORM – Соңғы жылдары әлемде жасөспірімдер арасында жаңа құбылыс – квадробинг белең алып барады. Бұл құбылысқа ден қойған балалар мысық, ит, түлкі, қасқыр сынды жан-жануарлардың кейпіне еніп, олардың жүріс-тұрысына еліктейді. Дәл осы жат қылық елімізге де жетіп отыр.

Квадробинг жапондық Кеничи Ито төрт аяқпен жүгірудің өзіндік әдісі ретінде ойлап тапқан бейресми спорт түрі квадробикадан шыққан. Ол 2008 жылы 18 секундта 100 метрді жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген-ді. Нәтижесінде қозғалыстың бұл әдеттен тыс тәсілі балаларды ерекше қызықтыратын квадробингтің дамуына түрткі болды.

Осы жайтқа алаңдаған Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына ресми сауал жолдап, құзырды органдар бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын-алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиістігін көрсеткен еді. Айта кетерлігі, Ресейде бұл жаңа құбылысқа қарсы заң қабылдау мәселесі талқыланса, Өзбекстанда ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынған.

Балалар квадробингті жануарлар кейпіне ену ойыны ретінде қабылдайды. Әлеуметтік желілерде түрлі қозғалыстар, клубтар және қауымдастықтар құрады. Сарапшылардың пікірінше, квадробинг танымалдығының жылдам өсуі жасөспірімдерге отбасында дұрыс көңіл бөлінбеуімен, топта өз орнын табуға, өзінің ерекшеліктерін көрсетуге және әлеуметтік желілерде назар аудартуға ұмтылуымен түсіндіріледі және қоғамда қалыптасқан мінез-құлық ережелеріне, ұлттық менталитетке қайшы келеді.

Жеке тұлғаның қоғамға жат мінез-құлқын дәріптейді және баланың денсаулығына зиян келтіреді. Бұл қозғалыстың таралуына жол бермеуде негізгі рөл педагогтер мен ата-аналарға тиесілі, – деді аталған мәселеге қатысты сауалға жауап берген Премьер-Министр.

Олжас Бектеновтің атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқушылардың бойында жағымды құндылықтарды қалыптастыру және рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту арқылы жеке тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Бағдарлама балалардың бойында негізгі адами құндылықтарды дамытуға негізделген. Сонымен қатар ол балалар арасында жағымсыз субмәдениеттерге қатысуға деген мұқтаждыққа жол бермейтін мейірбан атмосфераны қалыптастыруға ықпал етеді.

Ата-аналармен жұмыс және олардың тәрбие процесіне белсене араласуы арқылы отбасы құндылықтары нығайып, баланың жеке басын қалыптастыруға біртұтас көзқарас қалыптасады. Бағдарламаның білім беру модульдері (коммуникацияны дамыту, жеке қауіпсіздік, психикалық денсаулықты сақтау бойынша) оқушылардың ақпаратты талдау, оның ішінде манипуляциялар мен деструктивті ортада жүру қаупін ажырата білу қабілетін дамытады. Ата-аналардың құқықтық және педагогикалық мәдениетін арттыру мақсатында барлық мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды.

Орталықтардың қызметі жауапты және позитивті ата-ана тәрбиесі мәдениетін арттыру арқылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын және психологиялық саулығын қамтамасыз етуге бағытталған. Деструктивті мінез-құлқы бар мектеп оқушыларын психологиялық-педагогикалық қолдау баланы ұжымға, қызықты іс-әрекеттерге, бастамаларға, үйірмелер мен жобаларға тарту арқылы жүзеге асырылады. Талдау көрсеткендей, квадробинг әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, балалар мен жасөспірімдер арасында қызығушылық тудырды, – деді ол.

Премьер-Министр балалардың цифрлық тәуелділігінің артуы және виртуалды әлемге шамадан тыс беріліп кетуі де жаңа құзыреттерді талап етеді. Сондықтан 5-9-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» пәніне балалардың интернет кеңістігіндегі этикалық және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыратын «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» деген бөлім енгізілді.

Мұнан бөлек, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Цифрлық әлемге қауіпсіз қадам» жобасы аясында балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары іске асырылып жатыр. Зиянды контентті мониторингтеу және оны бұғаттау «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылу үстінде. Баланың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты жедел түрде жою үшін Facebook, Instagram, WhatsApp, TikTok, VKontakte, Google, Telegram онлайн-платформаларының иелерімен өзара іс-қимыл орнатылды.

Сондай-ақ қазіргі уақытта жасанды интеллектіні пайдалану арқылы DNS-серверлері деңгейінде құқыққа қайшы контентті (Telegram арналарын қоса алғанда) жылдам анықтау және дереу бұғаттау тетігі әзірленіп жатыр.

Менің тапсырмам бойынша мемлекеттік органдар ата-аналар қауымдастығының белсенді қатысуымен «Ата-ана бақылауы» мобильді қосымшасының көмегімен кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы контентті көруін шектеу бойынша қосымша шаралар әзірлеуде. Бүгінгі таңда TikTok платформасы ата-ана бақылауы үшін «отбасылық баптау» функциясын ұсынады.

Мұнда ата-ана өз аккаунтын жасөспірімнің аккаунтымен байланыстырып, баптауларды, аккаунт құпиялылығын, жеке хабарламаларды бақылап, экран уақытын және басқа да функцияларды шектей алады. Жалпы бұл шаралар отбасылық, рухани-адамгершілік және ұлттық құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік береді және балалардың сыртқы әсерлерге иммунитетін дамытуға ықпал етеді, – деді Олжас Бектенов.

Ұят сезімінен алшақтау – деструктивті идеологияны ұстанумен бірдей

Әлеуметтік желіде кейбіреулер квадробинг бойыңдағы күйзеліс пен өзіңді қолайсыз сезіну деңгейін төмендететінін айтады. Алайда, ол жасөспірімнің бойында жат мінез-құлық қалыптастыруы мүмкін екенін жоққа шығармайтындар да бар. Сондықтан да осы мәселеге қатысты маман пікіріне жүгінген едік.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Назерке Бейсенова да қазіргі кезде квадробинг қозғалысы Қазақстанда таралып жатқанын айтады.

Квадробика – адамдардың жануарларға тән қимыл-қозғалысын қолданатын, спорттың бейресми түрінің бірі. Субмәдениеттің бір түрі десек те қателеспейміз. Өйткені бұл қозғалыста өзіне тән қимылдары, құндылықтары, сыртқы келбетіне қойылатын талаптары бар. Бірақ бұл қозғалыс біреулер үшін ойын және оны психикалық ауытқуға жатқызбаймыз, – деді ол.

Маманның пайымынша, ойын мен еркеліктің шегі қай жерде аяқталатынын, баланың психикасына төніп тұратын қауіптің белгілерін түсіну қиын.

Мұны балалардың шынайы өмірден алыстауынан байқауға болады. Өзін-өзі идентификациялауда шатасады, ата-аналарының, мұғалімдерінің, жақындарының назары жетіспейтін балалар қатарынан болады және осы ойын арқылы өзінің төмен қабылдауын компенсациялайды. Ең басты қауіп – әлі қалыптасып үлгермеген бала психикасының дамуына кері әсер етуі мүмкін. Агрессия, қорқыту, осал жақтарын басыну сияқты теріс ойлар арқылы ересек адамдар да баланың ойынына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Бет-әлпетін жабудың өзі – «мен өзімді қабылдамаймын, сыртқы ортаға жабықпын, ойымды біле алмайсыздар» деген ой. Мұның өзі адамның әлсіз жақтарымен жұмыс жасауға емес, керісінше, сыртқы әлемнен жабылуына алып келеді. Квадробика – өзінен қашудың анық жолы. Сондықтан, әр қозғалыстың қоғамға болсын, әлеуметтік топқа, адамның өзіне болсын тигізетін әсері және тәуекелдері бар, – деді Назерке Борашқызы.

Осы орайда ол әр баланың өміріне көз салу, бақылау, сөйлесу міндетті түрде қажет екеніне сенімді.

Жануарларға тән қылықтарды жасау арқылы баланың эмпатиялық және өзіне тән ерекшелігін қабылдауы төмендейді. Адамның табиғи болмысына жат келетін іс-қимылды жасау – ұят сезімінен жұрдай болу. Яғни психикалық норманың көрсекіштерінің бірі – ұят сезімінен алшақтау және адамға тән емес қылықтарды жасауға шақыру – деструктивті идеологияны ұстанумен бірдей, – деді маман.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!