Фото: ғаламтордан

Алматы облысы Райымбек ауданының аңғарында әлемге әйгілі LAYS чипстерін өндіруге арналған арнайы картоп өсіріле бастады. Бұл жобамен 2023 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен сервистік орталық ретінде құрылған «Алтын Дән» ЖШС айналысады, деп хабарлайды Nege.kz агенттігі Qazaqstantv-ға сілтеме жасап.

Компания 150 гектар алқапқа картоп егіп, тамшылатып суару технологиясын енгізген. Сонымен қатар, Қарой жазығында 1 500 гектар жерге дәнді дақылдар себілген. Кәсіпорында 20-дан астам адам тұрақты жұмыс істейді, егіс маусымында жұмыс күші ұлғаяды.

Басты жетістік – PEPSICO компаниясымен әріптестік орнатылып, арнайы картоп тұқымдары сынақтан өткізілуде. Бұл тұқымдар шетелден әкелініп, жергілікті климатта өсіріледі. Өнім сапасы агрономдар мен сала мамандарының тұрақты бақылауында.

Картоп пен дәнді дақылдарды өңдеуге 20-ға жуық заманауи техника тартылған. Өнімдер Алматы облысы мен Алматы қаласына жеткізіледі, ал арнайы картоп PEPSICO компаниясына жөнелтіледі.

Жалпы, биыл Райымбек ауданында 13 200 гектарға дәнді дақылдар, 2 500 гектарға картоп егу жоспарланған. Бұл – өңір ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаратын нақты қадам.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!