Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев енді қазақстандықтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылатынын мәлімдеді. Айтуынша, соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түседі. Ендеше техникалық лизинг автонесиенің орнын алмастыра ма? «Жалпы жол «Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы» ҚБ президенті, авто сарапшы Арсен Шакуов түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің бастамасы: көлік халыққа қолжетімді болмақ

Қазақстандықтарға автокөлікті лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігі беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жаңа автомобиль зауытының ашылуында осындай мәлімдеме жасады. Мұндай қадам көлік бағасын арзандатып, халықтың көлікке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Бұл жаңалық қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста «Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы» ЗТБ президенті Арсен Шакуов лизинг пен несиенің айырмашылығын түсіндіріп өтті.

Лизинг. Жай ғана басқаша атау ма?

Авто сарапшының айтуынша, лизинг пен несие арасындағы түбегейлі айырмашылық жоқ.

Лизинг дегеніміз – сол баяғы несие. Тек атауы ғана өзгеше. Еуропада жеке де, заңды тұлғалар да көлікті лизингке ала береді. Онда “автонесие” деген ұғым жоқ, барлығы лизинг деп аталады. Сондықтан бізде де үлкен айырмашылық болмайды, – дейді ол.

Арсен Шакуовтың айтуынша, қазіргі таңда лизинг бағдарламасының нақты шарттары жарияланбаған.

Қазірдің өзінде көлікті 0,1 пайызбен бөліп төлеу немесе бастапқы жарнасыз рәсімдеу мүмкіндігі бар. Сондықтан жаңа жүйе енгізілді дегеннен баға да, шарттар да айтарлықтай өзгермейді. Барлығы тек бағдарламаның шарттарына байланысты болады, – дейді маман.

Жеке азаматтарға қолжетімді ме?

Қазіргі уақытта лизингпен негізінен заңды тұлғалар айналысады. Ал Еуропа елдерінде бұл құрал жеке адамдарға да қолжетімді.

Негізгі айырмашылықтар туралы айтуға ерте, өйткені лизингтің түрлері көп, ол көбіне арнайы техникаға – автобустар, тракторлар және басқа да ірі көліктерге арналған. Яғни заңды тұлғалар үлкен көліктерді, техникаларды лизингке ала алады. Ал жеке тұлғаларға трактор сияқты коммерциялық техниканы алуға мүмкіндік беріле ме – мәселе сонда. Осыған рұқсат етіле ме, жоқ па, соны көру керек. Ал жеңіл көліктер бойынша жағдай бұрынғыдай болады деп ойлаймын: не лизинг, не несие – шарттары да, пайыздары да шамалас болмақ. Барлығы Үкімет пен Премьер-министрдің бағдарламасына байланысты, сондықтан нақты шешімдерді күтеміз.  Ал жеке тұлғаларға коммерциялық техниканы алу мүмкіндігі беріле ме, жоқ па – соны көру керек. Ал жеңіл көлік алу шарты бұрынғыдай қалады деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, жаңа жүйе енгізілгенімен, көлік несиелеу нарығы сұранысын жоғалтпайды.

Тек атауы өзгереді, жүйенің өзі сол қалпында қалуы мүмкін, – деп түйіндеді Арсен Шакуов.

Бағаға әсер ете ме?

Арсен Шакуов лизинг жүйесінің енгізілуі автокөлік бағасына әсер етпейді деп отыр.

Баға өндіруші брендтердің өз маркетинг саясатына байланысты қалыптасады. Мысалы, жапон мен корей компаниялары әр нарыққа өз бағасын өздері белгілейді. Сондықтан “лизинг” енгізілді деп көлік қымбаттап не арзандап кетеді деу қисынсыз. Егер олай болса, жүйенің мәні жоғалар еді, – дейді ол.

Жаңа көліктерге сұраныс сақталады

Сарапшының пікірінше, жаңа көліктерге деген қызығушылық бәсеңдемейді.

Автодилерлерге қосымша қолдау қажет емес. Кімге көлік керек, бәрібір алады. Лизинг ең алдымен жаңа көліктерге қатысты болады, себебі қолданыста болған машиналар лизингке берілмейді, – деді маман.

Процесс банктерсіз жүзеге асуы ықтимал

Маманның айтуынша, автолизингтің несиеден басты айырмашылығы тек атауында.

Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бұл бұрынғыдай төлем қабілеті бар азаматтарға арналған мүмкіндік. Егер төлем жасай алмаса, көлік кепілде болғандықтан лизинг берушіге қайтарылады. Мүмкін, енді бұл процесс банктерсіз, тікелей автосалондардың өз қаржылық құрылымдары арқылы жүзеге асырылуы да мүмкін, – дейді Арсен Шакуов.

Тәуекелдер де сол күйінде: егер төлем қабілетіңіз болмаса, кепілдегі көлік лизинг берушіге қайтарылады. Яғни банк немесе автодилердің өз қаржы ұйымы болуы мүмкін.

Мүмкін, енді бұл процесс банктерсіз жүзеге асуы ықтимал – автосалондар өздерінің қаржылық бөлімшелері арқылы лизинг рәсімдеуі ғажап емес, – деді авто сарапшы.

Қолданыстағы көліктер нарығына әсер етпейді

Маманның айтуынша, ескі көліктерге лизинг жүйесі әсер етпейді.

Қолданыста болған машиналар бұрынғыша несие арқылы алынады. Мүмкін сұраныс сәл азаюы мүмкін, бірақ нарық бәрібір өз орнында қалады. Өйткені көліктердің жасы әртүрлі – бір жылдық та, он жылдық та бар. Бұл бәрі нарықтың ұсынған мүмкіндігіне байланысты, – дейді сарапшы.

Автосалондар дайын емес, бірақ дүрбелең болмайды

Арсен Шакуов автосалондардың қаржылық құрылымдары жаңа бағдарламаға толық дайын еместігін де атап өтті.

Сондықтан күрт өзгеріс немесе үлкен сұраныс толқынын күтуге болмайды. Процесс тыныш өтеді. Елімізде көліктер жеткілікті, Алматы мен Қостанайда жаңа зауыттар ашылып жатыр. Сол себепті бұл өзгерістерден үлкен дүрбелең болмайды, – деп түйіндеді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!