Baq.kz редакциясының ресми сауалына жауап берген City Transportation Systems (CTS) компаниясы Астанадағы LRT жобасы бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес уақытылы атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда станциялардың ішкі әрлеу жұмыстары, депо құрылысы, эстакада астындағы аумақты абаттандыру, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

CTS мәліметінше, LRT желісін іске қосу тестілеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, 2026 жылға, яғни биылға жоспарланған.

Жоба аясында 2016 жылы құны 1,8 млрд АҚШ долларын құрайтын EPC-келісімшарт жасалған. Компанияның хабарлауынша, бұл келісімшартқа өзгерістер енгізілмеген. Аталған сомаға LRT желісін салу, депо тұрғызу, вагондарды құрастырып Астанаға жеткізу, сондай-ақ персоналды оқыту сияқты жобаны толық іске қосуға дейінгі барлық жұмыс кіреді.

Сонымен қатар LRT бағыты мен станциялар саны өзгеріссіз қалған. Жоба бойынша барлығы 18 станция қарастырылған.

Астана қаласының әкімдігі қазіргі уақытта LRT жобасын одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Болашақта Қосшы қаласы бағытына, Жағалау ауданына және қаланың ескі бөлігіне қарай жаңа желілер салу жоспарлануы мүмкін. Алайда қазіргі басым міндет – LRT жобасын толық аяқтап, іске қосу, – делінген ресми жауапта.

CTS болжамына сәйкес, LRT пайдалануға берілгеннен кейін оны тәулігіне 25-45 мың адам қолданады деп күтіліп отыр. Ал жобаның толық іске қосылуы қаладағы көлік ағынының орташа тәуліктік жылдамдығын 17%-ға дейін арттыруы мүмкін.

Бірыңғай төлем жүйесін енгізу мәселесі де күн тәртібінде тұр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!