Енді елімізде жұмыс істемейтін әкелердің декреттік демалысы зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынады. Парламент Мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңға сәйкес, енді жұмыс істемеген әкелер үшін кәмелетке толмаған баланы күтіп-баққан уақыт зейнетақыны есептегенде олардың еңбек өтіліне қосылады. Бұл норма Конституциялық соттың шешімін орындау үшін Әлеуметтік кодекске енгізіледі.

Сонымен қатар, депутаттардың ұсынысымен жұмыс берушілерге жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды (әйел не ер адам екеніне қарамастан) жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Осыған байланысты заңдағы «жалғызбасты аналар» деген ұғым «жалғызбасты ата-ана» деп өзгертіледі.

Бұдан бөлек, мәслихаттарға «Облыстың, қаланың немесе ауданның Құрметті азаматы» атағын беру тәртібін әзірлеп, бекіту құқығы беріледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!