Фото: видео-скрин
Magnum компаниясының басшылығы соңғы жағдайларға байланысты ресми мәлімдеме жасап, тұтынушыларынан және барша халықтан кешірім сұрады, – деп хабарлайды Nege.kz.
Компания басшылары туындаған келеңсіздік үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Magnum компаниясының топ-менеджері Нияз Шапақов жағдайды түсіндіріп берді.
«Қадірлі тұтынушыларымыз, қымбатты отандастар! Соңғы күндері болған жағдай сіздердің де, біздің де көңілімізге кірбің түсірді. Қазақ – сабырлы халық, кез келген түсініспеушілікті ақылмен шешкен елміз. Біз де осы дәстүрді ұстанып, қызметкеріміз бен клиентіміз арасындағы келіспеушілікті реттедік. Тараптар бір-бірімен татуласып, өзара кешірім сұрап, қол алысты. Бүгінде мәселе толық шешіліп, қызметкеріміз өз жұмысын жалғастыруда. Бәріміз қазақпыз. Осы елдің азаматымыз. Әрине, біз де қазақ тілін құрметтейміз. Ана тіліміз – басты құндылығымыз. Оны білу – әрбіріміздің асыл парызымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді компанияның топ-менеджері Нияз Шапақов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желі қолданушысы Асылхан есімді азамат Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс бергенін, жеткізу кезінде курьердің одан қазақ тілінде сөйлеуді талап еткенін айтқан болатын. Осы жағдайдан кейін компания жеткізушіні жұмыстан шығарып жіберген. Аталмыш жағдайдан кейін азаматтар компанияға бойкот жариялаған еді.
Белгілі болғандай, жұмыстан шығарылған курьер жұмыс орнына қайта оралған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!