Адам тағдырын айқындайтын ең маңызды екі нәрседен қателеспеу керек. Өмірлік жолдасы жары жақсы болса, екіншісі – мамандықтан қателеспеу қажет деп ойлаймын. Мен екі жағынан да жолы болған жанмын деп есептеймін. Себебі адал жарым, сүйкімді балаларым бар, екінші өзім жақсы көретін, өзім армандаған жұмысым бар.

Мамандық тандау – бұл өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз. Мамандықтың саны әр алуан: дәрігер, мұғалім, ұшқыш, есепші, аспаз, елші, қаржыгер, архитектор, механик, көлік жүргізуші, сазгер, сатушы, ғарышкер және т.б. Бірақ бұларды байланыстыратын маңызды факт – бұлар бәрі халық үшін қызмет атқарады. Ал халық үшін қызмет көрсету маңызды мәселе. Түркі тілдес халықтың «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақыл сөзін ұран етіп, мамандықты дұрыс таңдауымыз керек.

Мен өз мамандығымды және түсетін жоғары оқу орнымды 10-сыныпта таңдадым. Бала күнгі арманым – білікті заңгер болу еді. Арманым мақсатқа айналып, 1994 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің құқықтану мамандығына оқуға түстім. 1998 жылы оқуымды ойдағыдай аяқтап, алғаш еңбек жолымды Оңтүстік Қазақстан облысының әділет департаментінің Түркістан қаласының әділет басқармасының іс жүргізушісінен бастадым. 2009 жылдың маусым айынан бастап Қызылорда облысының Әділет департаментінің жылжымайтын  мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу бөлімінің тіркеушісі болдым. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының әділет департаментінің филиалы «Қызылорда  қаласының №1 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің» сот орындаушысы қызметін атқарып келемін. Бұл сала өте қызықты әрі өз алдына қиын әрі жауапты қызмет.

Сот шешімдерін орындау көп уақытты және тер төгуді қажет ететеді. Кей жағдайда соттың шығарған шешімдерін заңна­ма­да көрсетілген мерзімде орындай ал­май жататынымыз бар. Көп жағдайда сот актілерінің уақ­тылы әрі сапалы орын­далмауына борышкер­лер­дің төлеу мүмкін­дік­терінің төмендігі мен мүлік­терінің, тұрақты жұ­мыс орындарының бол­мауы кедергі келтіреді. Біз сот актілерін орындау бойынша түбегейлі жақсы нәтижеге соттармен, құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік және тіркеу органдарымен тығыз, қоян-қолтық жұмыс жасау арқылы ғана қол жеткіземіз. Сон­дықтан да жұмысымызды өзге мемлекеттік және өзге де мекемелермен тығыз ынтымақ­тастықта жасауға күш салудамыз. Басты міндетіміз – сот шешімдерінің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету. Шын мәнінде халқыңа пайдалы азамат болуға тырысу маңызды, керісінше халқың саған пайдалы болу емес. Биыл Әділет органдарына 30 жыл толуда. Аталмыш мерей тоймен барлық әріптестерімді, сондай-ақ Әділет органдарының ардагерлерін шын жүректен құттықтаймын. Жасап жатқан еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

С.Ибраев,

Жаңақорған ауданаралық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!