Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Қазақстанда маркетплейстер мен сатушылар қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттеледі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды KAZINFORM .
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Ринат Заитов қызметтерді қазақ тілінде ұсынуда проблема бар екенін және бұл мәселені тиісті заңмен реттеуді ұсынды.
Палата отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ведомство басшысы осы тақырыпқа қатысты түсінік берді.
«Депутат тұтынушылардың толыққанды сапалы қызмет алу мәселесін көтерді және бұл тұрғыда оның айтқаны әбден орынды. Бізде тілге байланысты шектеуге немесе кемсітуге жол берілмейді. Атап айтқанда, электронды саудада кейбірі ана тілінде қызмет көрсетпейді, осының салдарынан тұтынушы оны пайдалана алмайды. Бұл ретте, адамдар неге зардап шегуі керек?! Адамдар нақты әрі сенімді ақпарат алуы қажет. Осы орайда біз тілге қатысты конституциялық ұстаным мен заң талаптарын орындау мәселесіне ерекше назар аударамыз. Бұл өз кезегінде маркетплейстерге де және басқа да қызметтерге де қатысты», – деді Арман Шаққалиев тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!