Алматы қалалық соты бірінші инстанцияның марқұм композитор Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу Алпысбаеваны, оның кәмелетке толмаған ұлы мен қарт әкесін үйден шығару туралы шешімінің күшін жойды. Осылайша, марқұм композитор отбасы өз баспанасын сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот дауы композитордың 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсенов қайтыс болғаннан кейін басталды. Әкесі дүниеден өткен соң, ол отбасының қарыздарын жабу үшін Санжар есімді танысынан қарызға ақша алған. Әншінің жесір әйелі Айсұлу Алпысбаеваның айтуынша, әлгі адам ірі соманы пәтерді кепілге қойып берген.

Алайда кейін Абылаймен пәтерді алып-сату туралы келісімшарт жасалғаны белгілі болды. Оның үстіне, келісімдегі сома баспананың нарықтағы бағасынан әлдеқайда төмен болған. Өткен жылдың қазан айында Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Айсұлу Алпысбаеваны, оның кәмелетке толмаған ұлын және қарт әкесін үйден шығару туралы шешім шығарды. Бірақ Айсұлу Алпысбаева бұл шешіммен келіспей, сотқа апелляциялық шағым түсірді.

Олардың келтірген уәждері мен дәлелдері жеткілікті деп танылып, бұл жолы Алматы қалалық соты бірінші инстанцияның шешімін жойды.

“Алып-сату шарты тек формалды түрде жасалған. Арман Дүйсеновтің ұлы Абылайдың пәтерді сату ниеті болмаған. Ол тек жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, қарызға ақша алу туралы келісім жасаған, ал сату мәселесі мүлде айтылмаған”, – дейді адвокат Тілеужан Кішкенебаев.

Қалалық сот біздің даусыз дәлелдерімізді ескеріп, сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп таныды. Мәміле күшін жойды.

Сот отырысында екінші тараптың өтініші бойынша түсірілім тобына видеоға түсіруге және аудиожазба жүргізуге тыйым салынды. Композитордың ұлының досы, баспанаға үміткер болған Санжар пікір білдіруден бас тартты.

“Менің құқықтарым толық қорғалды. Шешімге көңілім толады, оны әділ деп санаймын. Баспана­мызды сақтап қалуға және әділ шешім шығуына ықпал еткен барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Адвокаттарыма ерекше алғыс айтамын”, – деді Айсұлу Алпысбаева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!