Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев маусым айындағы аптап ыстықтың егін шығымы мен жепшөп қорына әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маусым айында температура өте жоғары болды – осы кезеңдегі орташа жылдық нормадан асып кетті. Дегенмен де «Қазгидромет» болжамы бойынша, астықты өңірлерде жауын-шашын болады деп күтіп отырмыз. Биыл көктемгі егіс жұмыстарын уақытымен орындадық, одан кейінгі кезеңде топырақтың ылғалы жақсы болды. Егіс науқаны туралы осыны айтуға болады», – деді ол бүгін Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін тілшілерге.

Сондай-ақ ведомство басшысы мал азығын дайындау науқанына тоқталды.

«Жайылым мен жемшөп мәселесіне келсек, 2021 жылдың жазы бәріміздің есімізде. Әсіресе батыс өңірлерде шынымен, проблема болған еді. Соны ескеріп, жем өндірісінің Жол картасын әзірлегенбіз. Былтыр соның аясында жемшөп алқабын 100 мың гектарға ұлғайтып, 300 мың тонна өнім артық алдық. Соның есебінен биылға 235 мың тонна жемшөп қорын қалыптастырғанбыз. Қажет болса, сол қорды пайдаланамыз. Одан бөлек бүкіл өңірде 11,6 млрд теңге көлемінде жемшөп субсидиясы қарастырылған. Сонымен бірге жемшөп дайындаушыларға да арзандатылған дизель бөлу бастамасын көтердік», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!