Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі мектептегі буллинг үшін салынатын айыппұлдың көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама «шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау үлгісі» тәртібі бойынша жұмыс істейді. Соның аясында арнайы антибуллингтік топтар мен кейінгі бақылау шаралары да қолданылады.

«Балаларға психологиялық қолдау көрсететін 20 орталық өз жұмысын жалғастыруда. Бұл орталықтар буллинг, зорлық-зомбылық және дағдарыс жағдайларына байланысты балаларға, ата-аналарға және педагогтерге көмек көрсетеді. Кеңес беру және шұғыл көмек тәулік бойы қолжетімді», – дейді министрлік мамандары.

Қазіргі кезде «111» байланыс орталығының QR-кодтары барлық мектепке орналастырылды. Балалар өз құқықтарының бұзылғаны жайында анонимді әрі жедел хабарлай алады. Арыз-шағым тәулік бойы қабылданады.

Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік те белгіленген. Айыппұлдың көлемі – 10 АЕК (2025 жылы – 39 320 теңге), ал осы әрекет қайталанған жағдайда – 30 АЕК-ке (2025 жылы – 117 960 теңгеге) дейін артады.

Бұдан бөлек, қоғамдық көліктен балаларды түсіруге тыйым салынды. Бұдан былай, 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз мәжбүрлеп түсіріп кетуге болмайды. Ол үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!