Бүгін Қазақстанда Аналар күні атап өтілуде, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Үкіметтің 2023 жылы қабылдаған қаулысына сәйкес, бұл мереке қыркүйектен мамыр айының екінші жексенбісіне ауыстырылған.

Аналар күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз анасы – Тұрар Шабарбаева туралы естеліктерімен бөлісті.

«Төрт балалы біздің отбасы қарапайым тұрды. Анам ұзақ уақыт бойы белгілі себептермен жұ­мыс істемеді, ол кісі үй жұмысын атқарды. Жалғыз асыраушымыз әкей. Айлық жалақыдан бөлек, ол кей-кейде мақалалары мен кітаптарына қалам­ақы алатын», – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram парақшасында.

Тоқаевтың айтуынша, анасы өте қарапайым өмір сүріп, өмірінің соңына дейін өзін көптеген дүниеден шектеп өткен.

«Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін», – деді Қазақстан Президенті.

Тоқаев анасының кейбір шенеуніктердің бір сәтте байып кеткенін білсе де, ондай жолдың түбі болмайтынын ескертіп отыратынын атап өтті.

Президент анасының әрдайым қолдау көрсеткенін де жеткізді.

«Анам үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент анасының бәрін егжей-тегжейлі білуді қажет деп санағанын айтты.

«Біздің анамыз ұсақ-түйек нәрсеге дейін түгел білуді қажет санады. Ол кісінің қатысуынсыз ата-аналар жиналысы өткен емес. Төрт баласының оқытушыларының бәрін білетін. Балалық тентектігімізге, жеткіншектік қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайларды түп-түгел сезініп отыратын. Анығын айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ. Ол кісі біздің өмірмен ғұмыр кешті, ал біз оның өмірінің ажырамас бөлшегі едік. Аналардың қадірін біліп, әрдайым құрмет көрсетіп, ардақтап жүріңіздер!», – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!