Іnbusiness.kz. Қазақстандағы жеке іс кесушілік институтының қалыптасу тарихы –шырқау шегі үнемі кейінге шегеріле беретін, ұзаққа созылып кеткен детектив-романға ұқсайды. Детективтік қызметті заңдастыруға алғашқы талпыныстар 2000-шы жылдардың басында-ақ жасалды. Алайда ғасырдың төрттен бір бөлігі артта қалғанымен, тиісті заң жобалары бірінен соң бірі билік дәліздерінде із-түзсіз жоғалып кетіп отырды.
Олардың кімнің, ненің құрбаны болғанын із кесушілер де анықтай алмас еді. Салдарынан адам сенбес, ақылға қонбас құқықтық вакуум қалыптасты: ресми түрде елде детективтер жоқ, ал, іс жүзінде нарық солардың ұсыныстарына толы.
Google-ды пайдаланған кез келген адам «қазақстандық Шерлоктардың» ондаған агенттігін оңай табады. Алайда бүгінде мемлекет бұл кәсіптің бар екенін ресми түрде мойындағысы келмейді. Ішкі істер министрлігі бұл туралы: «Мұндай қызмет түрінің жалпы болмауына байланысты ресми статистикалық деректер де жоқ», – деп мәлім етті.
«Қазақстан Республикасында жеке детективтер институты жоқ. Бұл ретте интернет желісінде детективтік қызмет көрсету туралы жеке тұлғалардың көптеген ұсынысы бар. Оны жүзеге асыру барысында азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылуы мүмкін. Тиісті заңды қабылдау жеке детективтер мен агенттіктердің қызметін заңнамалық реттеуге, сондай-ақ осы саладағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті белгілеуге мүмкіндік береді», – деп қосты министрлік.
Мұндағы қисын-логика – тап-таза реттеушілік сипатта: бейберекет қызметті өркениетті бизнес форматына көшіру. Егер қандай да бір қызметке тыйым салу мүмкін болмаса, оның тізгінін қолға алып, басқару, қатысушыларын тәртіпке келтіріп, жауапкершілік жүгін арқалату қажет.
Шынтуайтына келгенде, Қазақстанда жеке ізкесушілер әлдеқашан жұмыс істеп жатыр. Оларды табу қиын емес, бірақ ешқайсысы жеке детектив куәлігін көрсетпейді, өйткені құқықтық өрісте мұндай құжат атымен жоқ.
Осы салада бес жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Данияр (есімі өзгертілген) сұраныстың саналуан екенін айтады. Жеке тұлғалар жоғалған туыстарын, балаларын, ескі достарын, тіпті қашып жүрген борышкерлерін іздейді.
«Бір кәсіпкердің өтініші бойынша оны алдап соққан серіктес-партнерын таптық: Чехияға тайып тұрыпты. Кәсіпкерлер қазақстандық және шетелдік контрагенттеріне кешенді тексеру жүргізуге тапсырыс береді: олардың іскерлік беделін, қаржылық жағдайын және жасырған тәуекелдерін талдаймыз. Бұдан бөлек, персоналды тексеру қызметі де сұранысқа ие. Бір банк Қаржы нарығын реттеу агенттігінің келісіміне ұсынбас бұрын басшылық лауазымға үміткерді тексеруге тапсырыс берді. Ол кандидаттың АҚШ-та офшорлық құрылымдар арқылы ақшаны жылыстатуға қатысты жаңа қылмыстық істің фигуранты екені анықталды», – дейді Данияр.
Оның компаниясы сондай-ақ қаржылық барлаумен де айналысады, компаниялардың қағаз емес, іс жүзіндегі қаржылық көрсеткіштерін анықтайды. Кәсіпорындардың қорлары мен табысын елеусіз, жасырын бағалайды. Жеке және заңды тұлғаларға егжей-тегжейлі досье түзеді.
Клиенттердің қомақты бөлігі – ауқатты адамдардың жұбайлары: ажырасу процесінің алдында күйеуінің (не әйелінің) елде және шетелде тыққан-бұққан мүлкінің толық тізімін, нақты көлемін анықтауға күш салады.
Данияр өз қызметтері үшін қанша алатынын айтудан бас тартты. Түсіндіруінше, ақысы атқарылатын жұмыстың ауқымына, сипатына және күрделілігіне байланысты. Төлем кезең-кезеңімен төленуі мүмкін және ақырғы сома зерттеу тереңдігіне қарай өзгеріп отырады. Оның үстіне, жұмыс аяқталған соң клиентке қосымша шот ұсынылуы да ықтимал.
Үкімет жоспарларына сәйкес, 2026 жылы жеке детективтерді ресми лицензиялау енгізіледі деп күтілуде. Бұл олардың қызметінің құқықтық тұғыр-негізін қалыптастыруға тиіс.
Әзірге мұндай қызметтің заңдылығы, жұмсартып айтқанда, даулы күйде қалып тұр. Детективтердің жинаған айғақзаттарын соттар қабылдамауы ғажап емес. Дәл осы жағдайларға байланысты Мәжіліс депутаттары «Жеке детективтік қызмет туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жеке детективтік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына бастамашы болды.
Заң жобасын әзірлеушілердің сендіруінше, жаңа заң азаматтар үшін бірқатар оң әлеуметтік әсер әкеледі. Біріншіден, азаматтар сотта, қылмыстық және әкімшілік істерде өз мүдделерін қорғауда пайдалану үшін заңды ақпарат жинау ісінде осы кәсіп иелерінің білікті көмегіне жүгіне алады.
Екіншіден, детективтерді міндетті лицензиялау енгізіледі. Бұл ешқандай дайындығы жоқ кездейсоқ адамдардың «мәлімет жинаумен» айналысуына тосқауыл қояды.
Үшіншіден, детективтер өз қызметін сақтандыруға міндетті болады. Бұл заңсыз әрекеттер салдарынан келтірілген зиянды өтеуге кепілдік береді.
Төртіншіден, заң қатаң мемлекеттік бақылауды енгізеді. Азаматтар детективтің әрекетіне не әрекетсіздігіне қатысты меморгандарға шағымдану құқығына ие болады. Қазіргі кезде мұндай мүмкіндік жоқ.
Ішкі істер министрлігі бұл кәсіпті заңдастырудың қосымша себебін атады.
«Заңнамалық реттеу құқық қорғау, күш құрылымдарының бұрынғы қызметкерлерін және зейнеткерлерін әлеуметтендіруге, олардың адал бәсекелестік негізінде қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жеке детективтердің агенттіктерге бірігуіне жол ашып, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деп мәлімдеді ведомство.
Яғни, сөз белгілі бір дағдыларға ие, бірақ еңбек нарығында әрдайым өз орнын таба бермейтін ерекше әлеуметтік топты жұмыспен қамту туралы да болып отыр. 2025 жылы Қазақстанда ішкі істер органдарының шамамен 6 мың зейнеткері тіркелген, олардың жартысынан астамы ресми түрде жұмысқа орналаспаған.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – жеке детективтер мен агенттіктердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыру. Бұл тетік азаматтарға сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда келтірілген залалды детективтен жеңілдетілген тәртіппен өндіріп алуға жол ашуға тиіс.
Сақтандыру нені қамтиды (кәсіби қателіктерге келесілер жатады):
• шартқа сәйкес детективтік қызмет көрсетіліп жатқан тұлғаға алда жасалатын заңдық әрекеттердің салдары туралы хабарламау, соның кесірінен оған зиян келтірілуі;
• клиенттен алынған құжаттарды жоғалту немесе бүлдіріп тастау;
• детективтік құпияға жататын мәліметтерді заңсыз жариялау.
Бұл – маңызды нәрсе. Бүгінде егер «көлеңкелі» детектив ақшамен қашып кетсе немесе жасырын бақылауға алынған адаммен кездесіп, бөлек ақысы үшін ақпаратты оған жариялап қойса, клиенттің шағымданатын жері жоқ.
Заң қабылданса, залалды өндіріп алудың жеңілдетілген тетігі пайда болады. Мұндай тетіктер жеке іздестіру институты дамыған елдерде – АҚШ-та, Ұлыбританияда, Германияда, Жапонияда және басқа да мемлекеттерде қолданылады.
Детективтің сақтандыру полисіне жұмсайтын шығындары:
• үш мегаполистің бірінің аумағында қызмет көрсететін детектив үшін – кемінде 1 000 АЕК (2026 жылы 4 325 000 теңге);
• өзге өңірлердегі детективтер үшін – кемінде 500 АЕК (2 162 500 теңге).
Негізгі заңды және ілеспе түзетулерді қабылдау 2026 жылға жоспарланған. Оларға сәйкес, қазақстандық «Шерлок Холмстарға» қойылатын біліктілік талаптарына мыналар кіреді:
• жоғары заңгерлік білімнің болуы;
• үлкен тәжірибе мен еңбек өтілінің болуы: құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органдардың жедел-тергеу бөлімшелерінде кемінде 7 жыл істеуге, не болмаса заңгерлік практикада кемінде 10 жыл еңбек етуге тиіс;
• арнайы лицензия алуы шарт;
• кәсіби қызметін сақтандыру компаниясында сақтандыруы талап етіледі.
Осылайша, мемлекет проблеманы мойындайды: нарық бар, сұраныс жоғары, тәуекелдері шаш етектен. Ендігі бар әңгіме – жаңа заң осы кәсіпті ақыры өркениет жолына түсіре ала ма, әлде ондаған жылдар бойы алға озып кеткен «сұр» схемаларды қуып жете алмай, шаң қауып қала ма? Жаман үйді қонағы, жаман заңды көлеңкелі бизнесі билейтіні белгілі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
