1 сәуірден бастап өңірімізде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 2025-2026 оқу жылына қабылдау басталған болатын. Құжаттарды қабылдау 25 маусымға дейін жалғасады. Өтініштер “Admission” ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында академияның Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Ақзада Мадалиева мен аға оқытушы Гүлсара Нұрова қабылдаудың тәртібін, қажетті құжаттар тізімін және конкурстық іріктеу кезеңдерін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Академияға түсушілер ұлттық іріктеу порталында тіркеліп, эссе жазу, тестілеу, әңгімелесу сынды кезеңдерден өтеді. Сонымен қатар, үміткерлердің кәсіби қабілеті, басқару әлеуеті арнайы комиссия тарапынан бағаланады. Білім алушылар оқуда стипендиямен қамтылып, тәжірибелік машықтарын жетілдіруге мүмкіндік алады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2025 – 2026 оқу жылында 12 білім беру бағдарламасы бойынша тыңдаушыларды оқуға қабылдайды. Оның ішінде 9-ы магистратура,ал 3-і докторантура бағдарламалары. Биыл магистратураға 120, докторантураға 12 мемлекеттік грант бөлінді. Күндізгі оқу форматы бойынша білім беру бағдарламаларына ақысыз мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері оқуға түсе алады. Сонымен қатар, бұл форматта ақылы негізде де оқуға мүмкіндік бар,- деді Ақзада Алайдарқызы.

Күндізгі-қашықтықтан оқыту форматы бар магистратура бағдарламаларына мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мәслихат депутаттары қабылданады. Қабылдау ережелері туралы толық ақпарат академияның ресми сайты http://xn--aa-lmc.kz/, сондай-ақ әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған. Қосымша ақпаратты қабылдау комиссиясынан немесе академия филиалдарынан алуға болады. Академия – бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді дамуына үлес қосқысы келетін, кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылатын мамандар үшін бірегей алаң,- деді Гүлсара Жеткергенқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!