Фото: Ақорда

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекеттік күзет қызметіне ұсынылған жаңа өкілеттік бойынша түсінік берілді, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат аясында Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын жеделдету мақсатында аталған мекемеге қызметі барысында орындалмаған нұсқамаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығын беру ескерілген.

Осы орайда ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Шыңғыс Жақыпов ведомство қызметкерлері нақты қай жағдайда хаттама толтыруға құзыретті болатынын түсіндірді.

– «Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Заңда қызметтің күзетілетін адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарды, ықпал ететін мән-жайларды жою жөнінде нұсқама енгізу өкілеттігі көзделген. Атап айтқанда, бұл – пилотсыз аппараттарды пайдалану қағидаларын бұзу, күзетілетін объектілердің маңында рұқсатсыз жұмыстарды жүргізу және басқа да қауіпті фактілер. Бұл норма – материалдық құқық нормасы. Сонымен қатар, нұсқаманы орындамаған үшін сот арқылы жауапкершілікке тарту мүмкіндігі бар. Алайда осы құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттама толтыруға арналған нақты процестік норма қазіргі кезде заңнамада қарастырылмаған. Осының салдарынан құқық бұзатындарды іс жүзінде жауапкершілікке тарту тетігі толық жүзеге аспай отыр. Ұсынылып отырған түзетулер осы құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған. Сондықтан Мемлекеттік күзет қызметіне әкімшілік хаттамалар толтыру өкілеттігін беру көзделеді. Бұл – күзетілетін адамдар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға бағытталған қажет қадам, – деді Ш. Жақыпов.

Оның сөзіне қарағанда, аталған өкілеттік тек қызмет құзыреті аясында іске асырылады және Мемлекеттік күзет қызметінің міндеттерін орындауға тікелей кедергі келтіретін әркеттерге ғана қатысты қолданылады.

– Біздің негізгі масатымыз – айыппұл салу емес, керісінше, мемлекеттік қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алу және дер кезінде жою. Осы бағыттағы барлық іс-әрекет әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылады, – деді Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!