Биылғы жылдың 6 айында облыстағы 1 235 тапсырыс берушімен 69 651 сатып алу өткізілсе, оның 4 пайызы немесе 4110 конкурсы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен ұйымдастырылды.
Басқарманың түсіндіру-таныстыру мақсатында өткізілген 50-ге жуық іс-шарасы өз нәтижесін беріп, саладағы әкімшілік құқық бұзушылық 10%-ға төмендесе, тәртіптік жауапқа тартылу көрсеткіші 54%-ға азайды.
Статистикалық мәліметтер аясында Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов тарапынан 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру ұйымдарындағы ыстық тамақпен қамту қызметтерінің де орталықтандырылған түрде басқармамен жүргізіліп отырғандығы атап өтілді.
Бұл шараның білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, жауапты мамандарына артылатын жүктеменің азаюына ықпал ететіндігі анық.
Саладағы елеулі жаңалық – 2024 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы.
Осыған байланысты, Бауыржан Серікұлы жаңа Заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді көздеп отырғандығын атап өтіп, 2025 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін Заңның жаңашылдықтарына да тоқталды.
Енді, мемлекеттік сатып алулар шеңберінде:
- «строительство под ключ» ұғымы енгізіліп, нысанды жобалаудан бастап объектіні пайдалануға беруге дейінгі жұмыстарды бір ғана өнім берушіге жүктеу мүмкіндігі болады;
- тапсырыс берушілер қолдана алмай келген бір көзден алу мүмкіндігі қайта беріліп, құны 100 АЕК-ге дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ге дейінгі жұмыстар мен қызметтерді ал, кент, ауыл әкімдері кез келген сомасы 4000 АЕК-ге дейінгі сатып алуларды сатып алуды өткізіп, уақыт кетірместен бір көзден алады.
Сонымен қатар, «сақалды» құрылыстар бойынша мердігерлердің жауапкершіліктерін арттыру жөнінде ұсыныс қолдау тауып, алдағы уақытта кешіктірілген және орындалмаған шарттық міндеттемелері бойынша күшіне енген сот шешімі болса, мердігерлер мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!