Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақта есінен танып қалған бойжеткенге көмекке ұмтылып, алғашқы медициналық жәрдем көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Threads желісінің қолданушысы ұшақта болған оқиғаны жазып, видеосын қоса жариялаған.
«КС 622 рейсі. Астана-Алматы. Таңғы уақыт. Ұшақ ұшу жолағына қарай бағыт алған. Көзім ілініп кетіпті. Бір уақытта үрейлі дауыс шықты. «Стюардесса! Стюардесса! Қыз баланың жағдайы нашарлап кетті. Дәрігер керек!» деді.
Дәл осы уақытта бір әйел келіп, есін жиюға көмектесті, қан қысымын тексерді, ол көтеріліп кетіпті. Стюардессалар ары-бері жүгіріп, майлық, пакет (қыз баланың жүрегі айнып, құсқысы келді) алып келді», – деп жазды Threads қолданушысы.
Көмек көрсеткен әйел адамның кім екенін кейін ғана білген.
«Стюардесса көмек көрсеткен әйел адамнан кім екенін, дәрігер ме, әлде бірге ұшып бара жатқан серіктесі ме екенін сұрады. Қан қысымын өлшеп, пакетін ауыстырған әйел адам ақырын ғана «мен – дәрігермін» деп жұмысын ары қарай жалғастырды. Дәрі, шай, су беріп, есін жинаған соң Алматыға дейін ұша алатыны сұрады. Қыз «иә» деген соң ғана ары қарай ұшуға дайындалдық.
Ал көмек көрсеткен дәрігер денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарова екен», – деп жазды желі қолданушысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
