Биыл 15 мамыр мен 15 маусым аралығында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау кезеңі басталды.
Дәстүрлі байқаудың мақсаты – отбасы институтының мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда берекелі шаңырақтың үлгісін кеңінен насихаттау. Конкурсқа туған жерін қадірлейтін, ұлттық дәстүр мен рухани мұраны сақтап, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған елжанды отбасылар қатыса алады.
Өтінім беру тәртібі мен байқау шарттары облыстық қоғамдық даму басқармасының, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында, сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарияланатын болады. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінде аудандық деңгейдегі комиссиялар құрылып, облыстық комиссияға ұсынылады. Жеңімпаздарды әділ анықтау мақсатында комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері де енгізіледі.
Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған отбасылар республикалық конкурсқа жолдама алып, Астана қаласында өтетін байқаудың финалына қатысады.
Айта кетейік, бұл жоба 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Содан бері облысымыздан 2 500-ден аса отбасы қатысып, өздерінің өмірлік ұстанымы мен береке-бірлігін көпшілікке үлгі етіп келеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!