Әділет министрі Азамат Есқараев ведомствода заң нормаларын мемлекеттік тілде жазу қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Расында да мемлекеттік органдар заң жобаларын ең алдымен, орысша дайындап, одан кейін Google Translate қосымшасы арқылы мемлекеттік тілге аудара салады. Әрине, мемлекеттік тілдегі ондай мәтінде қандай сапа болмақ? Бұл мүлдем келісуге болмайтын жайт. Бұл өзі біраз жыл бойы көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан осы мәселені алқа мәжілісінде арнайы көтердім. Қазіргі уақытта заң жобалауға бастамашылық жасайтын мемлекеттік органдарға заң нормаларын ең алдымен, қазақ тілінде жазып, одан кейін қажет болса басқа тілге аударуды ұсынып жатырмыз», – Азамат Есқараев.

Дегенмен, министр басқа мемлекеттік органдарға заң нормаларын қазақ тілінде жазуды талап ете алмайтындықтарын, тек ұсыныс беретіндіктерін атап өтті.

«Ал Әділет министрлігінде қолға алдық. Мысалы, өзіміздің ведомстволық топта Қылмыстық кодекске, Қылмыстық-процессуалдық кодекске өзгертулер енгізуді мемлекеттік тілде әзірлеуді қолға алып отырмыз», – деді ол.

Айта кетейік, елордада заңнама және құқықтық ақпарат институтының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!