Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өзендердің тасуы салдарынан су басу қаупі бар аймақтарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Ақмола (Есіл өзені, Сергеев су қоймасына дейін), Ақтөбе (Ілек), Қарағанды (Нұра) Батыс Қазақстан (Чижа-2, Деркөл, Шаған) және Қостанай облыстарында (Тобыл және Аят өзендері) орташа көпжылдық мәндермен салыстырғанда ылғал қоры көлемінің артуы тіркелген.
«Мәселен, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында Есіл өзені бойында су басу қаупі бар. Себебі ол жерде көп қар жатыр», – деді Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында бір аптаның ішінде ауа температурасы көтеріледі деген болжам бар.Соның салдарынан қар еру мен сең жүруі мүмкін. Осы өңірлерде 157 елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр.
«Сонымен қатар, Түркістан облысының оңтүстігінде және таулы, тау бөктері аудандарында, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктері аудандарында, Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын түседі деген болжам бар. Осыған байланысты жоғарыда аталған өңірлердің тау бөктері аудандарында көлбеу ағын мен тау өзендері бойынша су тасқыны қалыптасады, сондай-ақ. қар көшкінінің өздігінен түсуіне себеп болуы мүмкін», – деп атап көрсетті Ильин.
Қазгидрометтің наурыздың үшінші онкүндігіне арналған нақтыланған апталық гидрологиялық болжамына сәйкес, республика аумағында ауа райы тұрақсыз, қатты жауын-шашын, 23-28 м/с дейінгі екпінді жел күтіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!