Қазақстанда қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексеру бойынша жаңа ереже күшіне енеді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ержан Біржановтың сөзінше, мобильді аударымдар екі айдан кейін жаңа тәсілмен тексеріле бастайды.
«Бүгінгі күнге дейін мобильді аударымдар мониторингі бойынша ақпарат алып отырмыз. Бұған дейін басқа ереже болды. Енді үшінші ережені қарастыратын бұйрық та дайын. Ол бүгінгі заң жобасынан кейін қабылдануы керек (салық мәселелері бойынша – еск.). Заң қабылданды, 60 күн ішінде күшіне енеді. Біз де нормативтік құжатты қабылдаймыз. Қыркүйекте күшіне енеді», – деді Ержан Біржанов.
Журналистер туыстар арасындағы ақша аударымдары тексеріліп-тексерілмейтінін сұрады. Вице-министрдің айтуынша, бұл үш ай ішінде ақша аударған 100 түрлі адам болуы керек. Балалары немесе ата-анасы ақша аударса, сомасы маңызды емес, тексерілмейді.
«Егер анасы қызына ақша жіберсе, ешқандай сұрақ жоқ. 1-2 миллион болса да, ешқандай мәселе жоқ. Барлық шарт бір уақытта жұмыс істеуі керек. Біріншісі: 100 түрлі адам. Сізге жыл сайын ақша жіберетін 100 туысыңыз жоқ шығар. Екіншісі: егер үш ай қатарынан 100 адам бір адамға ақша аударса. Үшіншісі: сомасы 1 миллион теңгеден асуға тиіс», – деді Біржанов.
Қанша ақша аударуға болады?
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті 3 ай ішіндегі мобильді аударымдар бойынша шек 12 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) деңгейінде белгіленгенін хабарлады. 2025 жылы бұл – 1 020 000 теңге.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!