Фото: Александр Павский / Kazinform
Абай облысының полиция қызметкерлері мопед жүргізушілері білуі тиіс маңызды ережелерді еске салады, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көшелерде зулап жүрген мопедтер – жай ғана ыңғайлы көлік емес, олар толыққанды жауапкершілікті талап ететін қозғалыс құралы.
– Мопед тізгіндеу еркіндік сыйлағанымен, ол еркіндік тәртіппен ұштасқанда ғана қауіпсіз болады. Сондықтан мопед жүргізушісі міндетті түрде тиісті санаттағы жүргізуші куәлігіне (A1, A немесе B) ие болуы тиіс. Одан соң мопедті тіркеу керек. Мемлекеттік тіркеу нөмірі мен техникалық паспортының болуы – заң талаптарын орындау ғана емес, кез келген жағдай кезінде сіздің құқықтарыңызды қорғаудың кепілі, – делінген ақпаратта.
Жүргізуші де, жолаушы да мотошлем киюге міндетті. Мопедпен жүру жолдың оң жақ жиегімен немесе арнайы велосипед жолдарымен жүзеге асырылуы тиіс. Ал тротуар – жаяу жүргіншілерге арналған аймақ.
– Рөлге ешқашан мас күйде отырмаңыз. Мас күйде болсаңыз реакцияңыз төмендеп, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Бұл тек заң бұзушылық емес, адам өміріне төнген нақты қауіп, – делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!