Қарағандыда қолына жанармай құйылған канистра ұстаған азамат өзін өртеп жіберемін деп қорқытты. Жалғыз адамдық пикет өткізген ол «мүгедектердің ақшасын қайтаруды» талап еткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан қолында канистрі мен газ оттығы бар ер адамның өзін-өзі өртеп жіберемін деп қорқытып жатқанын көруге болады. Оның жанында тас жолдың үстінде от жанып жатыр. Сондай-ақ, кадрға полиция қызметкерлері мен Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері түсіп қалған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі полицияның бұйрығымен оқиға орнына құтқарушылар жетіп, одан кейін полиция қызметкерлері ер адамды ұстағанын мәлімдеді.

«Біздің қызметкерлер төгілген жанар-жағармайдың жануын жойды. Тоғыз қызметкер мен екі техника жұмылдырылды», – делінген департамент ұсынған ақпаратта.

Оқиғаның егжей-тегжейін облыстық полиция департаменті де таратты. Ведомство өкілдері ер адамның зардап шекпегенін айтты. Азамат полицияға жеткізілген. Өз әрекеті арқылы ол сотта қаралып жатқан азаматтық іс бойынша дауды шешуді талап еткен.

Ведомство өкілдері сондай-ақ өзін-өзі өртеу әрекетіне себеп болған азаматтық даудың жай-жапсарын да жариялады. Мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың ақпан айында «Жан дос» қоғамдық бірлестігі Қарағанды қалалық ІІБ аумақтарының қоршауларын ауыстыру бойынша тендерді жеңіп алған. Алайда, полицейлердің айтуынша, мердігер өз жұмысын нашар орындаған. Полиция департаментінің заңгерлері сотқа шағымданып, сотталушыны 30 қарашаға дейін барлық кемшіліктерді жоюды міндеттеген. Алайда жауапты азамат оны орындамаған.

«6 желтоқсанда «Жан дос» үкіметтік емес ұйымының жеткізушісімен келісім-шарт біржақты бұзылды. Себебі, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамау немесе тиісінше орындамау. Қазір материалдар сотта қаралуда. Іс бойынша сот отырысы 14 желтоқсанға белгіленген», – деп түсіндірді баспасөз қызметі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!