Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанның әуе компаниялары ішкі бағыттар бойынша рейстер санын арттыруда. Бұл туралы Көлік министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Air Astana және FlyArystan 16-29 наурыз аралығында 146 қосымша рейс ұйымдастырады. Оның ішінде ең көп рейс Алматы – Астана бағытына тиесілі – 80 рейс.
Сондай-ақ Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Атырау, Өскемен және Орал бағыттарына қосымша рейстер жоспарланған.
SCAT Airlines өз кезегінде 19-21 наурыз аралығында Алматы – Астана бағыты бойынша 5 рейс, сондай-ақ Шымкент – Ақтау бағыты бойынша 1 рейс ашады. Бұдан бөлек, 23-26 наурыз аралығында Алматы – Астана бағытына тағы 4 рейс және Шымкент – Астана, Ақтау – Астана бағыттарына бір-бірден рейс қосылады.
Қосымша рейстердің ашылуы мереке күндері ел ішінде қатынауды жеңілдетіп, жолаушыларға сапарларын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді. Сарапшылар билеттерді алдын ала сатып алуды және әуе компанияларының ресми сайттарынан ақпаратты тексеруді ұсынады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
