Сыр аймағында медициналық жоғары оқу орындарын бітіріп, ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде. Ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарына жұмысқа қабылданған мамандарға республикалық бюджеттен көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беріліп келеді. Бір маманға берілетін көтерме жәрдемақы 70 АЕК көлемінде, ал тұрғын үй несиесі 1500 АЕК мөлшерінде. Аталмыш әлеуметтік көмек қаржысы облыстық экономика және қаржы басқармасында қарастырылған.Ағымдағы жылы 74 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 16-сы елді мекендерге жолданды. Дәрігерлер бірінші кезекте әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылады. Осы жылы арнайы жасақталған комиссия шешімімен 20 дәрігерге 500 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көтермеақы беріледі.
Қазіргі таңда облыс халқына барлығы 2860 дәрігер, 10721 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, қабылданған шаралардың арқасында дәрігерлер тапшылығы жылдан-жылға азайып келеді. 2020 жылдың қаңтар айында тапшылық 205 дәрігерді, 2021 жылы 137-ні құраса, қазіргі таңда облысымызда маман тапшылығы 43,4 пайызға төмендеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!