«Көктем-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталады. 25-27 ақпан аралығында облыс аумағында өтетін оқу-жаттығу жайында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров мәлімдеді.
Оқу-жаттығу аясында республикалық штаб Астана қаласында жұмыс істесе, облыстық штаб пен практикалық кезең Қызылорда қаласында өтеді.
– Алдағы кешенді оқу-жаттығудың басты мақсаты – азаматтық қорғау қызметтерінің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарын жетілдіру. Бұл шара барысында күштер мен құралдардың өзара үйлесімді жұмысы, жедел әрекет ету мүмкіндігі және материалдық-техникалық дайындығы жан-жақты тексеріледі. Оқу-жаттығу практикалық тапсырмалармен ұштасып, бөлімшелердің нақты жағдайда әрекет ету қабілетін шыңдауға бағытталған. Нәтижесінде жауапты қызметтердің дайындық деңгейі бағаланып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданады. 25 ақпанда Қызылорда облысының азаматтық қорғау қызметтерінің күштер мен құралдарына саптық қарау жүргізіледі. Ал 26 ақпанда Қызылорда қаласы Талсуат елді мекенінде практикалық іс-шаралар пысықталатын болады. Департаменттің Дағдарыс орталығында командалық штабтық ойындары мен қорытынды жиналыс 27 ақпанға жоспарларған,- деді Бекболат Қайырбекұлы.
Сонымен қатар жиында 1 наурыз – дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай атқарылатын жұмыс барысы да кеңінен түсіндірілді. Спикерлер азаматтық қорғау жүйесінің қалыптасу тарихы мен қазіргі даму бағыттарына тоқталды. Азаматтық қорғаныс саласының халықаралық деңгейде бірлескен іс-қимылдарға негізделгені, сондай-ақ экологиялық қауіп-қатерлерді басқарудың бүгінгі таңда аса маңызды екені атап өтілді. Биылғы Азаматтық қорғаныс күні экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты болашақ тақырыбында өтетіні хабарланды.

-Биылғы жылы Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні «Тұрақты және қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» ұранымен өтуде. Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні – халықты төтенше жағдайлардан қорғау жүйесінің маңызын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың дайындық деңгейін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі таңда су тасқыны, орман өрттері, құрғақшылық, өндірістік апаттар сияқты қауіп-қатерлердің алдын алу үшін алдын ала жоспарлау, мониторинг және халықты оқыту жұмыстары күшейтілуде. Осы ретте тұрғындардың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмін білуі, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруі және жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауы – басты талаптардың бірі. Айтулы күн аясында өңірлерде оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Мұның барлығы қоғамның төтенше жағдайларға төзімділігін арттыруға және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталған,- Бекболат Қайырбекұлы.
Баспасөз мәслихатының соңында спикерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, аталған іс-шаралардың өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше мән берді.
Мерейім ӘЛІБАТЫР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!