Фото: Жасұлан Алпысбаевтың жеке архивінен
Бүгінде еліміздің 10 аймағында су тасқыны қаупі әлі де сейілмей тұр. Қираған үй, өлген мал, тіпті шайылған зират су басқан аймақтардың шынайы көрінісіне айналды. Халықты үйлерін қалыпқа келтіруден бөлек, су тасқының өзге де салдары алаңдатып отыр. Себебі желіде өлген аң-құс, малдардан қауіпті вирус тарауы мүмкін деген болжам пайда болды. Осы орайда Stan.kz тілшісі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаевтан елдегі эпидемиологиялық жағдай мен вирустың тарау қаупі туралы сұрап білді.
Басқарма басшысы қазір су тасқынынан зардап шеккен аймақтағы тұрғындардың инфекциялық ауруларға шалдықпауы қадағаланып жатқанын алға тартты.
“Қазір еліміздегі жағдай оңай емес. Он өңірде техногендік жағдай бойынша белгілі масштабта төтенше жағдай жарияланды. Бұл өңірлерде басқа да құзырлы органдармен бірлесіп санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары да белсенді жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, халықтың өмір тіршілігі, денсаулығына қатысты бақылау деңгейі мен режимі күшейтілді”, – деді маман.
“Мал, аң-құстың өліктері бар суда түрлі инфекция тарайды”
Жасұлан Алпысбаев су келген уақытта аурудың тарау қаупі бар екенін жасырмады. Айтуынша, төрт түлік пен аң-құстардың өлексесінен суға түрлі инфекциялар тарауы мүмкін.
“Ешқандай тәуекел жоқ, қорықпаңыздар, жай барақат отыра беріңіздер” деп айта алмаймыз. Әсіресе, “су келген жерде заттарым қалып қойыпты” деп қайта-қайта бара берудің қажеті жоқ. Суға жолауға болмайды. Суды қорғанбай, қолмен ұстау өте қауіпті. Егер қажеттілік туындаған жағдайда ғана арнайы киіммен, резеңке етік, резеңке қолғап кию шарт. Тасқын суларға малынған азық-түлік, ет, ұнды көшіру кезінде суға малынып кетсе, оларды мүлде пайдалануға болмайды. Өйткені ол судың ішінде малдардың өлекселері, түрлі қалдықтар, лас нәрселер араласқан. Сондықтан түрлі инфекциялық аурулар пайда болуы мүмкін”, – деді маман.
“Ең қауіптісі – Сібір жарасы”
Басқарма басшысы жануарлардың өлекселерімен де байланыста болудан сақтануды талап етті.
“Менің жоғалып кеткен малым ба екен” деп іздеп, оларды қолмен ұстауға болмайды. Қазір аң-құс, төрт түлікті, сібір жарасымен ауырған малдардың жерлеу орындарын су шайғаны рас. Олардың ішінде, әсіресе, сібір жарасымен ауырған малдардың қорымы аса қауіпті.Сібір жарасының таяқшалары 20-40 жылға дейін топырақ астында тірі қалады. Сондықтан жұқпалы ауру болғандықтан, мұндай малдар нұсқаулық бойынша сырты арнайы бетонмен қапталып, қоршау жасалып, арнайы эпидемиологиялық маңызды обьектілерде көміледі. Оған арнайы ветеринарлық инспектор тағайындалады. Ал қазір сол нысандарды су басты. Сондықтан қауіптің барын жоққа шығара алмаймыз”, – деді ол.
Маман су тасқыны басылып, кеуіп келе жатқан аймақтарда мал мен аң-құстардың өліктерін өртеп, залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатқанын алға тартты.
“Дегенмен кепкен жерлерде қазір зарарсыздандыру жұмыстары басталды. Көп өңірде әлі су болғандықтан, бәрі қарқынды жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Алдағы уақытта жер құрғаған кезде ветеринарлық қызметпен бірлесіп, барлық елді мекенді тазалаймыз. Ол үшін біздің мамандар топырақтан сынама алады. Сынаманың нәтижесінде топырақ құрамынан вирус таяқшалары немесе адамға малдан берілетін инфекциялар табылса, арнайы химиялық заттар қосылған өнімдермен дезинфекция жасаймыз. Бірақ бұл жұмыстар су кеткеннен кейін ғана жасалады. Су кетпейінше сынама алу мүмкін емес”, – деп түсіндірді ол.
Зардап шеккен өңірлерде басты мәселе – ауыз суы
Жасұлан Алпысбаев зардап шеккен өңірлерде ауыз суы да басты мәселеге айналғанын жеткізді. Айтуынша, әдетте тасқын болған өңірлерде лай су ауыз суымен араласып кетеді. Сондықтан халық тұтынып келген құдықтар, калонкалар, бұлақ суының құрамы өзгеруі мүмкін.
“Біздің мамандар қазір орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ауыз сулардан сынама алып жатыр. Оның түсінің өзгеруі мен лай болуына байланысты ауытқулар бар. Мұндай жағдайда халықтың өңірдегі ауыз суды тұтынуын тоқтатып жатырмыз. Дәл қазір зардап шеккен халыққа тек бөтелкедегі суды ішуге кеңес береміз. Әрине, ол бәріне жете бермейді. Мұндай жағдайда біз ауыз суды 5-10 минут қайнатып барып ішуге рұқсат етеміз. Эвакуациялық пункттерде ауыз судан басқа тіпті жеміс-жидектерді тек қайнатылған сумен жуу керек екенін айтып, талап етудеміз. Өйткені қайнатылмаған судың ішінде микробиологиялық заттардың барын біз жоққа шығара алмаймыз. Оларға сынама қорытындысы бойынша таза деп танылған басқа нүктелерден су тасымалданып жатыр”, – деп қосты басқарма басшысы.
Мәйіттерден инфекция тарай ма?
Әлеуметтік желіде су тасқыны салдарынан ашылған зираттардан мәйіттердің су бетіне шыққаны туралы ақпарат пен фотолар тараған еді. Халықтың жағасын ұстатқан бұл көріністен соң, елде көптеген сауалдар пайда болды. Жасұлан Алпысбаев осы тұста жұртшылықты сабырға шықырып, дүрбелеңге салынбауға кеңес берді.
“Марқұмдардың денелері қанша жыл жер астында болғандықтан олардан инфекция таралады деп айта алмаймын. Одан қауіптенудің ешқандай қажеті жоқ. Адамдар қайтыс болғаннан кейін, жылдар өткеннен соң бәрібір шіріп, топырақта белгілі бір материалға айналады. Оның қасында малдан тарайтын сібір жарасы ауруын қауіпті дер едім. Ал мәйіттерден қорқуға негіз жоқ”, – деп түсіндірді ол.
Су басқан өңірлерде қандай ауру түрі күшейеді?
Жасұлан Алпысбаевтың сөзінше тасқын болған жерлерде сумен берілетін ауруларға көбіне ішек инфекциялары жатады.
“Лай, кір сумен берілетін инфекциялар көп. Олар көбінесе жіті ішек инфекциялары ратовирустар, энтаровирустар, А вирустық гепатиті, іш сүзегі, паротивтер, диссентрия, целмональез, т.б аурулар тарау қаупі бар. Мұндай ауруға шалдықпау үшін тұрғындар тұрмыстық жағдайда тазалықты сақтауы керек. Сол үшін “су басқан жерлерге бармаңыздар, қолымен ұстамаңыздар”деп айтып отырмыз. Қолыңыз суға малынған күннің өзінде жақсылап сабындап жуып, антисептиктермен тазарту керек”, – деді ол.
Маман осы тұста ішек инфекциясы ауруларына шалдыққан адамдарда мынадай белгілер болатынын айтты:
- Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілуі;
- жүрегі айнып құсу;
- іштің бүріп ауыруы;
- іш өту;
- әлсіздік;
- тәбеттің жоғалуы;
- көздің астының көгеруі.
“Бізде бұдан басқа ауа тамшылары арқылы тарайтын да аурулар бар. Оларға қызылша, көкжөтел сияқты жұқпалы аурулар жатады. Сол үшін адамдардың екпе алуы маңызды. Қазір эвокуациялық пунктерде мамандар барып, қадағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер тұрғындардың арасынан біреу ауырып, қызуы көтеріліп жатса, міндетті түрде бақылауда болады. Қазір жергілікті штаттардың есеп мәліметтері бойынша жедел респираторлық вирустар, одан кейін сумен берілетін, ішек инфекциялары, А вирустық гепатитіне қатысты сырқаттану фактілері тіркелмеген”, – деді маман.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!